Велосипед құжатын өзіңмен бірге алып жүру қажет пе?

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері велосипедшілердің құжаттарын тексеру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Қазіргі уақыттағы заңнамаға сәйкес, велосипедті көлік құралы ретінде және велосипедшіні мемлекеттік тіркеуге тұрғызуға болмайды. Велосипедші өзімен бірге қандай да бір құжат алып жүруге міндетті емес», — деп хабарлады ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері Facebook желісіндегі парақшасында.

Ведомство өкілдері полицияда ұрланған велосипедтер жайлы мәлімет болған жағдайда велосипедтің сериялық нөмірін тексере алатынын айтты. Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде астаналық полиция қызметкерлерінің тұрғындардан велосипед құжатын көрсетуді талап еткені түсірілген видео таралған еді. «Велосипед құралын сізге сатқан кезде көк кітапша беріледі. Кітапшада нөмір көрсетіледі. Сандар сәйкес болуы керек. Келеңсіз жағдай тумауы үшін ол кітапшаны әрдайым өзімен бірге алып жүру керек», — деп түсіндірген еді видеода полиция қызметкері. Желіде осы оқиғаға қатысты пікір екіге бөлінді. Біреулер велосипедшіні қолдаса, енді біреулер полицияны жақтап отыр.

Кейін Астана полициясы әріптестерінің әрекетін түсіндірді.

«Велосипед сатып алған кезде оның құжаттары болғаны жақсы. Бірақ белгілі бір себептермен құжаттар болмаған жағдайда міндетті түрде оның сериялық нөмірін суретке түсіріп алу керек. Әрбір велосипедтің сериялық нөмірі болады. Ол ішкі жақтауда орналасады. Сондай-ақ, велосипедті толықтай суретке түсіріп алған жөн, әсіресе, оның ерекше белгілерін есте сақтап қалу қажет: ондағы аксессуарлар, жапсырмалар, сызаттар немесе тағы басқа белгілері. Осы кезде ғана ұрланған велосипедті тез арада табуға болады», — деп хабарлады ІІД өкілдері.

ДереккөзTengrinews.kz