Алматыда электр самокатты жалға беру қызметі іске қосылады

Алматыда электр самокатты жалға беру қызметі іске қосылады. Бұл туралы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Асаубаев #БізАлматы диалог алаңы барысында айтты.

Биыл біз электр самокаттардың жаппай қолданылып жатқанын байқадық. Келер жылдан бастап самокатты минуттап жалға беру іске қосылады. Адамдар самокаттарды сатып алуға және балконда ұстауға міндетті болмайды. Көшеге шығып, жалға алып, тиісті жеріне қойып кетсе, болды, — деді Руслан Асаубаев.

Жобаны Алматыны дамыту орталығына қолдау көрсететін жеке компаниялар қаржыландырады.

Менімен сондай қызметті ұсынған, жобаға инвестиция салғысы келетін үш ұйым кездесті. Олар қаладан электр желісін жүргізсе екен, станциялар орнатса екен деп көмек сұрайды, — деді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Еске сала кетейік, өткен шілде айында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ақпарат құралдарына электр самокатпен жүру ережесін түсіндірген еді. Мамандардың мәліметінше, электр самокат иелері мопед жүргізушілеріне теңестірілген. Мұндай самокатты қолданушылар велосипед жолымен жүруі тиіс. Демек, келешекте полицейлер тротуармен жүрген электр самокат иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Айыппұл мөлшері — 15 АЕК. 16 жасқа толмаған адамға электр самокатты басқаруға тыйым салынады.

Айта кетейік, қазір Алматыда велосипедті минуттап жалға алу жүйесі бар. Жуырда автокөлікті минуттап жалға беру қызметі де іске қосылды.

ДереккөзTengrinews.kz