Қытай Халық Республикасының Халық жиналысы үйінде Қазақстанның Тұңғыш Президентін «Достық» орденімен ресми марапаттау рәсімі өтті.

Мен 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығын дамыту және нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқанымды атап өткім келеді. Мемлекеттеріңізбен өзара сенімге және тату көршілікке негізделген қатынастар орнатқанымызға қуаныштымын. Біздің ынтымақтастығымыз үлгі тұтарлық. Елдеріміз өңірде және жаһандық деңгейде бейбітшілікті, трақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру үдерісіне және оның жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру ісіндегі маңызына тоқталды.

Қысқа мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы әлемдік табысты жобалар қатарына енді. Си Цзиньпин мырзаның бәрімізді бірігуге бастайтын даму идеясы бүгінгі сын-қатерлерге тиімді жауап ретінде қалыптасты. Қытай ұсынған халықаралық ынтымақтастықтың жаңа платформасы Азия, Еуропа және Африканың көптеген елінің дамуында аса маңызды саяси, экономикалық және мәдени роль атқарып отыр, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту мәселелеріне арналған маңызды басқосуға айналғанын айтты.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып Сізді, Төраға Си Цзиньпин, Қытай Үкіметін және халқын «Бір белдеу, бір жол» форумын табысты өткізумен құттықтаймын. Қытайлық ерекшелігі бар «жаңа дәуір» социализмін құру және «қытай арманын» жүзеге асыру жөніндегі барлық мақсат пен міндет Сіздің және Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен орындалады деп сенемін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қытай мемлекетінің басшылығы мен халқына көрсеткен қонақжайлығы мен марапаты үшін ризашылық білдірді.

Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктестігі халықтарымыздың игілігі жолында одан әрі нығая береді деп үміттенемін. Сізге аса жауапты мемлекеттік қызметіңізде жаңа жетістіктер, ал достас Қытай халқына бақ-береке тілеймін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның Тұңғыш Президентінің екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне тоқталып, Елбасының халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Бүгін біз Қытай халқының нағыз досы — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының жоғары сыртқы марапаты — «Достық» орденін ресми табыс ету рәсімін өткізіп отырмыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемде зор беделі бар. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің негізін қалап, осы қатынастарды әрдайым дамытып келеді. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске бастамашы болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің саяси көрегендігінің арқасында осы ұйымдарды дамытып, өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға зор үлес қосып келеді, — деді Си Цзиньпин.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Бейжіңге барған еді. Ол форумның ашылу салтанатында сөз сөйледі. Форум жұмысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдеріне жаңа геосаяси ахуалдың «Үш Д» үлгісін ұсынды. Тұңғыш Президент сапары барысында бірнеше кездесу де өткізді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!