Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда әлемге әйгілі актер Джеки Чанмен кездесті.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге Джеки Чанның әріптестері мен шығармашылық ұжымының мүшелері де қатысты. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қытай актерының әлемдік кинематографиядағы маңызды ролін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Джеки Чанмен
Нұрсұлтан Назарбаев Джеки Чанмен кездесті. Фото: Аkorda.kz

Өзіңіздей танымал тұлғамен жүздескеніме қуаныштымын. Сізді бүкіл әлем біледі, — деді Елбасы.

Джеки Чан алдағы шығармашылық жоспары мен киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары туралы ой бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен де кездесті.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап мен сіздің еліңізбен өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың осындай деңгейіне қол жеткізу үшін жұмыс істедім. Осы жылдар ішінде арамыздағы барлық өзекті мәселе шешімін тапты. Біз шекарамызды белгілеп, сенімге негізделген диалогтың деңгейін көтердік, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы экономиканың түрлі секторындағы қатынастардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин
Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин. Фото: Аkorda.kz

Қытай мемлекеті — Қазақстан үшін көршілес ел және экономикалық серіктес қана емес, сонымен бірге сенім артып, тірек санайтын біздің жақын досымыз, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Бейжіңге барған еді. Ол форумның ашылу салтанатында сөз сөйледі. Форум жұмысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдеріне жаңа геосаяси ахуалдың «Үш Д» үлгісін ұсынды. Тұңғыш Президент сапары барысында бірнеше кездесу де өткізді.