Басты бетЖаңалықтарГүлшара Әбдіқалықова...

Гүлшара Әбдіқалықова Алматыда көпбалалы ананың мәселесін шешіп берді

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация алдымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының жанындағы консультация-диагностика педиатрия орталығына барды. Онда делегацияға қабылдау бөлімі мен хирургия кешенінің жұмысы таныстырылды. Оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Әсел Тасмағамбетова басшылық ететін «Сәби» қайырымдылық қоры құрған. Жобаның жалпы құны — 2,5 миллиард теңге.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Гүлшара Әбдіқалықова молекула-генетика зерттеулері орталығының жұмысымен танысты. Медицина мекемесі заманауи жабдықпен: компьютерлік және магнит-резонанс томографтарымен, сараптамалық кластағы радиографикалық рентген және ультрадыбыс жүйелерімен, ЭКГ-аппараттармен жабдықталған. Барлық процесс цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Премьер-министрдің орынбасары мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған MEIIRIM оңалту орталығына барды. Орталықта 3-15 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы, әлеуметтенуі мен оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Орталық ашылған кезден бастап (2018 жылдың қарашасы) 200-ге жуық бала оңалту мен әлеуметтендіру шараларынан өтті.

Келесі іс-шара 2018 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Онда медицина кабинеті, йога залы, компьютер қолдануды оқыту, қазақ және ағылшын тілдерін үйрету кабинеттері, еңбек терапиясына арналған кабинет бар. Осы уақыт аралығында 900-ге жуық зейнеткер бассейндер мен фитнеске тегін барып, 300-ден астам қарт адам «Сұңқар» тәлімбағына, «Медеу» спорт кешеніне, Орталық мемлекеттік музейге және тағы басқа орындарға тегін экскурсия жасады.

Премьер-министрдің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметін де тексерді. Сонымен бірге азаматтарды қабылдады. 4 баласы бар Жанна Тоқтасынова атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұбайын жұмысқа орналастыру жөнінде өтініш білдіріп келген. Мәселе шешілді — вице-премьер қала басшылығына нақты тапсырма берді.

Гүлшара Әбдіқалықова SmArt Point коворкинг орталығының алаңында жастармен де кездесті. Кездесуде Youth Art жас суретшілер ұйымының басшысы Кристина Бекмұрзаева «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын іске асыру туралы айтты. Ол Алматыда жоғары деңгейдегі 10 шағын сәулет пішінін орнатқан. Кездесу қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік орган басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.