Жас аналар — актриса Айнұр Ілиясова мен блогер Махаббат Райымқұлова бір кездері өздері кезіккен проблемаларға басқа аналардың да кезіккенін қаламаған. Сол себепті соңғы үш жылда аналар мен отбасыларға арналған Bope fair фестивалін ұйымдастырып келеді. Фестивальдің ұйымдастыру комитеті енді қоғамдық қорға айналып отыр.
Bope fair жай фестиваль емес, қайырымдылық шарасы деуге болады. Себебі онда аналар мен отбасыларға бәрі тегін. Психологтың кеңесі, диетологтың баланың тамақтануына қатысты кеңесі, басқа да ең қажет ақпаратты кез келген ана осы жерден таба алады. Бұл фестиваль Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Таразда, Семей мен Өскеменде өткен. 2017-2018 жылдары фестиваль 11 рет ұйымдастырылып, оған 800 компания мен 30 мыңнан астам адам қатысты. Фестиваль аясында аналар мен отбасылар 2 мыңнан астам медициналық кеңеске жүгінген.
Біз Махаббат екеуіміз де балалы болған кезде жас аналар сияқты түрлі проблемаға тап болдық. Интернетте, айналада ақпарат көп. Оның бәрінен адам шатасуы мүмкін. Жас анаға дұрыс ақпарат пен тәжірибе керек. Осы себепті біз аналар мен отбасыларға арнап жәрмеңке ұйымдастырдық. Нәтижесінде біздің тарапымызға өте көп жағымды пікір келді. Содан бұл жоба үлкен фестивальге ұласты. Бүгін Bope fair-дің негізінде қоғамдық қор құрып, нақты жоспармен жұмыс істеуге кіріспекпіз. Қордың басты мақсаты — еліміздегі отбасылардың берік болып, бала тәрбиесіне тек аналардың емес, әкелердің де үлес қосуына ықпал ету, — дейді Айнұр Ілиясова.
Ұйымдастырушылар фестивальге қатысушылардың көбі медицина және психология тақырыбына қызығатынын, мамандармен кеңескісі келетінін байқаған.
Жәрмеңке кезінде аналарды көбіне психология мен медицина саласы бойынша мәселелер мазалайтынын байқадық. Бұл шара фестиваль төңірегінде қалып қоймауы керек екенін ескеріп, қоғамдық қор құрдық. Отбасындағы барлық нәрсе баланың дүниеге келуімен байланысты. Қордың «Бөпе» деп аталу себебі — осыдан. Біздің мақсатымыз — отбасы мен ондағы түрлі мәселені ертеден келе жатқан құндылықтар мен дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи негізде дамыту, жаңғырту, — дейді Махаббат Райымқұлова.
Bopе қоғамдық қоры қалай жұмыс істейді?
Осы жылы Қазақстанның 12 қаласына барып, үлкен жәрмеңке ұйымдастырмақпыз. Негізгі қолға алып отырғанымыз – үлкен форум. Бұл форум «Ана мен әкенің мектепке дейінгі жастағы баланың тәрбиесіндегі ролі» деген тақырыпта өтеді. Ең бастысы — мұның бәрі әлеуметтік, қоғамдық жұмыстар, — дейді Айнұр Ілиясова.
Аналар сіздерге қандай мәселемен келе алады?
«Бөпе» қоғамдық қорының басы-қасында жүргендердің көбі — жас аналар. Дегенмен мұндай жұмысқа араласып, өзінің көмегін аямай жүрген тәжірибелі аналар бар. Солардың бірі — Қаламқас Исабекова. Ол «Бөпе» қорына аналардың қандай проблемамен келе алатынын айтып берді.
Әр ана босанғаннан кейін қалай күтіну керек, бала үшін анасының энергиясы қаншалықты маңызды, сәбиді қалай емізу керек, қосымша қандай тағамдар беруге болады — осы сияқты кез келген өзін толғандырған мәселемен келе алады. Бір мысал айтайын, Жапонияда қарақұмықты кішкентай балаға бермейді екен. Бұл ақпаратты бір ана интернеттен оқыды делік. Енді ол шынымен де қарақұмық балаға зиян деп ойлауы мүмкін. Осындай жағдайда маманның көмегіне, ата-баба дәстүріне жүгінген дұрыс. Барлық ана кез келген уақытта өзіне қажетті маманды таба алмайды. Осындай проблемалар болмауы үшін «Бөпе» қоры құрылып отыр, — дейді Қаламқас Исабекова.
Қаламқас Исабекованың айтуынша, баланың дүниеге келуіне көп нәрсе байланысты. Мұндай қоғамдық қорлар еліміздегі ажырасу санын азайтуға күш жұмсайды.
Отбасы, бала тақырыбы маған жат емес. Себебі мен балалар орталығында жұмыс істедім, отбасым, үш балам бар. Басында фестивальге жас аналар көбірек келетін. Қазір бүкіл отбасы, ата-әжелер де қатысады. Үлкендердің күнде айтып отыратын өнегесі, тәжірибесі жас буынға керек. Фестиваль кезінде бүкіл отбасы уақытты бірге өткізеді. Олар бір емес, бірнеше рет түрлі шараға қатысады. Осылайша сол отбасыға тән дәстүрлер қалыптасады. Ажырасулардың көбі отбасы құрылғаннан кейінгі үш жылдың ішінде болады. Жас отбасылар көбіне алғашқы жылы-ақ ажырасып кетеді. Себебі баланың дүниеге келуіне, оның тәрбиесіне тек ана емес, әке де жауапты екеніне жастар дайын болмаған. Кей әйелдер әлі күнге дейін «Баланы мен бағуым керек, оның күтімі мен тәрбиесіне мен жауаптымын» деп ойлайды. Осындай ойдан әйел адасады, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алмайтын жағдайға жетеді. Қоғамдағы кез келген анаға көмек қажет. Егер сол қолдауды отбасы, жақындары бере алмаса, қоғамдық қорлар көмектесуге әрдайым дайын, — дейді Қаламқас Исабекова.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта кез келген ана көмекке жүгіне алатындай кеңсе ашып, платформа құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар олар келушілерді тек қордың ашылуын хабарлау үшін емес, алғыс білдіру үшін де шақырғанын айтты.
Осы жерде біздің идеямызды жүзеге асыруға қолдау білдірген, қасымызда жүріп, бәріне көмектескен адамдар бар. Бүгін біз бәріңізге алғыс айтамыз. Отбасы институтын жаңғыртуға арналған «Бөпе» қоғамдық қорының жұмыс істейтінін хабарлай жүріңіздер. Біздің есік әрдайым ашық. Кез келген адамға көмектесуге дайынбыз, — деді Махаббат Райымқұлова.
Bopе қоғамдық қорының таныстырылуына жылда өтетін фестивальге тұрақты қатысып жүрген жас аналар келді. Олар мұндай қоғамдық қор еліміздегі біраз мәселенің бетін ашып, отбасы институтының жаңғыруына негіз болатынын атап өтті. Ұйымдастырушыларға сәттілік тілеп, бірге жұмыс істеуге ниетті екенін айтты.