1. Көшедегі аң-құсты тамақтандырмаңыз

Саяхатта жүргенде маймылмен немесе жанатпен бірге таңғы ас ішкеніңізді суретке түсіріп, Instagram-ға жариялаған қызық. Бірақ алдыңызда кездескен кез келген жануарды тамақтандыра беруге болмайды. Әлемнің кей елдері мен жекелеген қалаларында оған тыйым салынған болуы мүмкін. Мысалы, Таиланд астанасында пілдерді тамақтандыруға тыйым салынған. Танзанияның ұлттық паркіндегі аңдарды тамақтандыруға болмайды. Сингапур, Флоренция, Женева, Париж, Лондон мен Хельсинкиде құстарды тамақтандыруға шектеу қойылған. Венецияда көшедегі көгершіндерге тамақ бергеніңіз үшін 50-60 долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

2. Қоқыс тастамаңыз

Тіпті, сол жердің жергілікті тұрғындары мен өзге туристер қоқыс тастап жатса да, сіз оларға ермеңіз. Пластикалық пакет орнына матадан жасалған сөмке мен су құятын арнайы бөтелке пайдаланғаныңыз жөн. АҚШ-тың, Үндістанның кей штатында, Марокко, Эфиопия, Франция елдерінде полиэтилен пакет пайдалануға тыйым салынған. Сол үшін Занзибар архипелагында 2 мың долларға дейін айыппұл салынып, бір жыл көлемінде түрмеге қамауы мүмкін. Сингапурдың қоғамдық көлігінде сағыз тастауға, тамақ ішуге және көшеде түкіруге тыйым салынған. Ол үшін 1000 долларға дейін айыппұл салынады.

3. Кез келген жерде темекі шекпеңіз 

Көптеген елдің қоғамдық орнында темекі шегуге тыйым салынған. Мысалы, БАӘ-де жеке көлікте, тіпті, баланың жанында темекі шеккенге ірі көлемде айыппұл салынып, бас бостандығынан айыруы мүмкін. Бутан мемлекетінде жергілікті тұрғынға темекі ұсынғаныңыз үшін айыппұл төлейсіз. Бала мен жүкті әйелдің жанында темекі шегуге Еуропа елдерінде де шектеу қойылған.

4. Адамдарға сыпайы болыңыз

Саяхатыңызда алдыңыздан кім кездессе де, сыпайы болыңыз. Экономикалық ахуалы нашар немесе өмір салты таңсық мемлекетке саяхат жасай қалсаңыз, жергілікті халыққа көрме экспонаты сияқты қарамағаныңыз дұрыс. Мысалы, Жаңа Зеландияда аяқкиімсіз жүру әдетке айналған. Норвегиялықтар үшін жартылай шешініп жүру ерсі емес. Ондай жағдайда сезіміңізді жасырғаныңыз жөн.

5. Көшеде құшақтаспаңыз

Кейбір елдің қоғамдық орындарында қол ұстасуға, құшақтасуға және сүйісуге шектеу қойылған болуы мүмкін. Мысалы, жапондар кездескен кезде құшақтасқанды ұнатпайды. Ал БАӘ-де қол ұстасып жүруге тыйым салынған. Үндістанның көшелерінде сүйіскеніңіз үшін түрмеге жабуы мүмкін.

6. Ешкімнің тегін қызметін пайдаланбаңыз

Адамдардың бәрін өзіңіз секілді көрмеңіз. Сондықтан жүзі жылы көрінсе де, тегін ұсынған сыйлығы мен қызметін алмағаныңыз жөн. Тіпті, суретке түсіріп, гүл сыйласа да, кейін ол ақы талап етуі мүмкін. Біреуге өтініш жасамас бұрын мұқият болыңыз.

7. Ым-ишараға абай болыңыз

Мысалы, грекиялыққа алақанды көрсету қорлаумен тең. Хорватияда алғашқы үш саусақты көтеру «сербиялық ұлтшыл» дегенді білдіреді. Түркияда OK белгісін көрсету әдепсіздік саналады. Бразилияда бұл белгі «гомосексуалист» дегенді білдіреді. Ал Франция мен Бельгияда «бос» немесе «ноль» деген мағына береді. Бізде бас бармақты көрсету позитив көңіл-күйді білдірсе, Таяу Шығыс, Батыс Африка және Оңтүстік Америка елдерінде әңгімелесушіге қатысты лас жыныстық ниетті білдіреді. Бұл — Орта Шығыс, Жерорта теңізі және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде «Кет» деген ишара.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Vaibhav fauzdar)