Біз Римге таңертеңгі мезгілде келдік. Fiumicino әуежайынан қала орталығына дейін жеткізетін қоғамдық көліктің билетін 11,6 еуроға Тerravision.eu сайтынан сатып алдық. Білгендей-ақ екенбіз, кассадағы ұзын-сонар кезектен құтылдық әрі мұнда әуелі онлайн билет иелерін көлікке отырғызады екен. Таксиді де онлайн шақыруға болады, оның құны шамамен 48-50 еуроға тең.

Рим, колизей
Фото автордың жеке архивінен

Дүниежүзілік туризм ұйымының 2017 жылға қорытындысы бойынша Италия — туристердің көптігі бойынша (58,3 миллион) әлемдегі бесінші ел. Жергілікті халық та жердің әр түпкірінен келетін қонақтарға әбден үйренісіп қалған, жүйе де ыңғайға сай, икемге келтірілген. Еуропаның басқа  елдеріне қарағанда тұрғындардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі де әжептәуір, яғни итальянша білу басты қажеттілік емес.

Booking.com сайтынан қонақүйден бөлмені алдын ала броньдап қойған едік. Автобус бекетінен межелі жерге дейін жету үшін Maps.me мобильдік қосымшасының көмегіне жүгіндік. Артықшылығы — офлайн жұмыс істейді. Бұл қала ішіне тур жасауыңызға да кәдеге жарайды. Кемшілігі — қоғамдық көліктердің бағытын көрсетпейді, тек жаяу жүргенге ыңғайлы. Сонымен не керек, қолда электрон карта да, қағаз карта да бар. Біз қаланы жаяу аралаймыз деп шештік. Кешке дейін қаланың үштен бір бөлігін ғана көріп үлгердік, мобильдік есептеуіш 21 шақырым жүргенімізді көрсетіп тұрды. Осындай темппен Римге сапар үш күнге созылды. Содан көрген-білгенімізді әңгімелеуді ұйғардық.

Рим, Витториано монументі
Фото автордың жеке архивінен

Римге барғанда нені ескеру керек?

  • Егер Римнің негізгі туристік орындарын тегін аралағыңыз келсе, саяхатыңызды сәуір айына жоспарлаңыз. Бұл уақытта Римде Мәдениет апталығы тойланады. Бірақ нақты қай апта екені белгісіз, жыл сайын өзгеріп отырады. Апталық кезінде барлық музей (Ватиканнан басқа) тегін жұмыс істейді.
  • Roma Pass туристік картасын сатып алсаңыз, лимитсіз үш күн бойы қоғамдық көлікпен қатынай аласыз, кейбір музейге кезексіз кіресіз. Құны — 36 еуро.
  • Төменде  атаған негізгі орындардан бөлек, тарихқа бай өте көп орын бар. Оның барлығы бір-бірінен қашық орналаспаған. Сол себепті қаланы жаяу аралаған да тиімді.
  • Жазда күн өте ыстық, сол себепті шабаданыңызда жеңіл киімдер болғаны жөн. Бірақ Римде көрікті орындардың көбі діни ғимарат болғандықтан тым ашық не қысқа киінген қонақтарды кей жерге кіргізбеуі мүмкін. Күн өткізбейтін баскиім, көзілдірік алуды да ұмытпаңыз.
  • Біз өкше аяқкиіммен Рим көшелерінде жүру мүмкін емес. Жерге төселген ескі плиталарды ыңғайлы аяқкиіммен ғана басуға болады.
Рим Италия
Фото: автордың жеке архивінен

Алаяқтардан қалай сақтану керек?

  • Саяхатшы көп жағдайда алаяқтардың қақпанына оңай түсіп қалып жатады. Бұл, тіпті, әуежайдан түсе салған сәттен-ақ басталады. Таксист қымбат баға ұсынады немесе таксометрін көрсетіп, жоғары трафикпен есептеп жібереді яки барар жолға әдейі айналып, ұзақ жүреді. Сол себепті мобильдік карталарға жүгініп, қашықтықты, оған сай төленетін соманы есептеп алыңыз.
  • Әсіресе, әуежайда, қонақүйге келгенде жүгіңізді көтерісуге ниет білдірген немесе «қызмет» ұсынған адамдарға да сақтықпен қараңыз. Бұл затыңызды, сөмкеңізді алаяқтың қолына өзіңіз ұстатып жібергенмен тең болуы мүмкін.
  • Кез келген төлем үшін чек сұраудан жалықпаңыз. Себебі картадан төлемді бірнеше рет жасауы мүмкін. Қолма-қол саудада қайтарымды түгел бермей қалатын кездер де болады.
  • Сіздің көңіл-күйіңізге қарап, алаяқтар түрлі амал қолдануы мүмкін. Мысалы, асығып тұрған кезіңізде көмегін ұсынады, кейін Сізден ақы талап етеді.
  • Жылы шырай таныта қалғаныңызды да пайдасына асыратындар көп. Адамдарға тым ашық-жарқын бола бермеңіз. Сізді әңгімеге тартып, қайдан келгеніңізді сұрап, еліңіз туралы жақсы пікір айтуы мүмкін. Ең соңында сыйлық та ұсынады. Оны қолыңызға ала салған сәттен ақы сұрайды. «Фотоға тегін түсіремін» деп, қалтаңызды қағатындар да болуы мүмкін.

Римдегі 7 must see орын

Римнің іргетасы біздің заманымызға дейінгі 753 жылы қаланған, яғни қазіргі қала 3000 жылдық тарихты арқалап тұр. Содан болар, Римдегі жәдігерлердің нақты санын дөп басып айту мүмкін болмас. Ертеден қала билігі соғыстардан кейін қирап қалған ғимараттарды қалпына келтіруге тырыспаған. Тек жыл сайын сол қалдықтарға реконструкция жасайды. Есесіне бұзылған ғимараттар өткен мыңжылдықтың бейнесі болып қалған, сонысымен де туристерді тамсандыратындай көрінеді.

1. Колизей

Колизей
Колизей. Фото: Vsitury.com.ua

Ежелгі Римнің сарқыншағы біздің заманымыздың 75 жылы салынған. Тас, кірпіш пен бетон қоспаларынан тұрғызылған ғимараттың әлі күнге дейін қабырғасы сөгілмеген. Оны «Флавилер амфитеатры» деп те атайды. Кезінде мұнда бір мезетте 50 мыңнан артық көрермен бірі қалып, бірі өлетін гладиаторлар шайқасын, цирк ойындарын тамашалаған, адам мен жануардың да айқасын масаттана бақылаған. Бүгінде ол Италия астанасының негізгі визит картасы, символы тәрізді.

2. Витториано монументі

Монумент Италияның бірінші королі II Виктор Эммануил құрметіне орай салынған. Ампир стиліндегі жобаның құрылысы жарты ғасырға созылған. Колизейдің қасында, Венеция алаңында орналасқан. Барлық қонақ үшін ішіне кіру тегін.

Витториано монументі
Витториано монументі. Фото: Тravelermap.ru

Монументтің негізгі бөлігі — биіктігі 12 метр болатын атқа мінген корольдің қоладан жасалған мүсіні. Оның астында белгісіз 6 солдаттың қабірі жатыр. Оны Altare della Patria деп атайды.

3. Треви фонтаны

Антикалық пьесаны еске салатын Треви фонтанының қасында туристердің қалың қарасын жылдың қай мезгілінде болмасын кездестіресіз. Бұл бір жағынан архитектуралық ескерткішке тамсану болса, бір жағынан адамдардың фонтанға тиын лақтырып, тілегінің орындалатынына сенетінінен болар.

Треви фонтаны
Треви фонтаны. Фото: Вlog-italy.ru

Фонтан XVIII ғасырда 30 жылға жуық уақыт бойы салынған. Одан бұрын мына тарихи мәліметті еске алған жөн болар. Император Октавиан Август пен оның серігі Марк Випсаний Агриппа біздің заманымызға дейінгі 20 жылы Римде реорганизация жасауға бел буып, бірнеше реформа жасайды. Соның ішінде қаланы таза сумен қамтамасыз етуді жоспарға енгізеді. Агриппа суды тазарту, құбырларды жөндеуге көп күш салады. Содан XVII ғасырға дейін Треви алаңында тұрғындар таза суды қолданып жүреді. Кейіннен Рим папасы ІІІ Урбан астананы ерекше сәнге енгізу үшін осы фонтанды тұрғызуды жөн санайды.

4. Пантеон

Пантеон — «барлық Құдайдың ғибадатханасы». Ежелгі Рим кезеңінде — заманымыздың 126 жылы салынған. Византия императоры Фока бұл ғибадатхананы папа IV Бонифацияға сыйлағаннан кейін 609 жылы 13 мамыр күні Пантеон Әулие Мария мен Азап шегушілердің христиан шіркеуі болып өзгерген. Содан кейін 13 мамыр барлық әулие күні болып жарияланған.

Пантеон
Пантеон. Фото: Italiatut

Пантеонда Италияның белгілі тұлғалары, соның ішінде Рафаэль, II Виктор Эммануил, І Умберто сияқты корольдер жерленген. Саяхатшылар күмбездегі жалғыз тесіктен кірген Күн сәулесін көру үшін мұнда түскі уақытта келуді жөн көреді.

5. Әулие Петр соборы

Соборға Римде жүріп жете алғаныңызбен оның географиялық орны басқа мемлекетте, Ватиканда орналасқан. Оған қала ішінде жүріп, шекаралық тексеріссіз өте бересіз. Қайта өркендеу дәуірінің үздік туындысы — Әулие Петр соборы күмбезінің жобасын атақты Микеланджело жасаған.

Әулие Петр соборы
Әулие Петр соборы. Фото: Тonkosti.ru

Мұнда ағылып келетін саяхатшылардың да, дінге сенушілердің де қарасы мол. Рим папасын да жолықтыруыңыз әбден мүмкін. Рим-католик шіркеуінің салтанатты орталығының ішіне бір мезетте 60 мың адам, сыртқы алаңға 400 мың адам сыяды.

6. Ватикан музейі

Музейлер комплексін алғаш XVI ғасырда Рим папасы ІІ Юлий құрған. Содан бері музейдің барлық коллекциясын Рим папалары жинап келеді. Онда қайта өркендеу дәуірінің жәдігерлері, классикалық шеберлердің туындылары, Микеланджело төбесін әрлеген Сикстин капелласы — жалпы саны 54  галерея (зал) бар. 2013 жылы Ватикан музейі қонағының көптігіне байланысты (5,5 миллион адам) әлем бойынша бесінші орын алған музей болып тіркелді.

Ватикан музейі
Ватикан музейі. Фото: LifeGlobe

Әулие Петр соборынан Ватикан музейіне дейін ұзақ жүрмейсіз. Бірақ ұзын-сонар кезекте тұрып қалуыңыз мүмкін. Ол үшін кем дегенде бір күн бұрын онлайн билет сатып алыңыз немесе таңертең ерте барғаныңыз жөн. Әр айдың соңғы жексенбісінде және Дүниежүзілік туризм күнінде (27 қыркүйек) музейге кіру тегін. Жай күндері ересектер үшін билет құны — 17 еуро, билет құнында келушінің әлеуметтік санаты ескеріледі.

7. Әулие періште қамалы

Қасиетті періште қамалы
Әулие періште қамалы. Фото: ravelermap.ru

2000 жылға жуық тарихы бар қамал қаланы екіге бөліп жатқан Тибр өзенінің жағасында орналасқан. Оны «Адриан мавзолейі», кейде «Мұңлы қамал» деп те атайды. Мұнда бірнеше император жерленген, олардың ең соңғысы — Каракалла. Қамал кейіннен Рим папаларының иелігіне өткен. Қазіргі уақытта музей ретінде жұмыс істеп тұр.