Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану: қайда, қашан, қалай?

Зейнет
Иллюстрация: Dribbble.com©Glitterkip

Қазақстан үкіметі зейнетақы жинағының бір бөлігін үй жағдайын жақсарту, емделу немесе инвестициялық компанияларға беру мүмкіндігін қарастырып, шара қабылдап жатыр. Осыған орай 2021 жылы 21 қаңтарда зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережесі бекітілді. Ал 23 қаңтар күні Бірыңғай жинақтаушы зейнеатақы қоры мен «Отбасы банкі» акционерлік қоғамы Еnpf-otbasy.kz сайтын ашты.

Baribar.kz осы сәтте белгілі ресми мәліметтің негізінде зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану туралы ақпарат ұсынады.

1. Зейнетақы жинағының бір бөлігін кімдер пайдалана алады?

  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар және жинағының сомасы ережеде көрсетілген "жеткілікті шектен" асатын азаматтар;
  • Зейнетке шыққан және зейнетақысы бұрын алып отырған жалақысының 40%-інен кем емес азаматтар. Мұндай адамдар жинақтағы соманың жартысына дейін пайдалана алады;
  • Зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да қалған жинағы бар азаматтар.

Зейнетақы аннуитеті деп ер адамдар 55 жастан,ал әйелдер 50 жастан өмірінің соңына дейін зейнетақы төлемін заң жүзінде алуға мүмкіндік беретін қаржы құралын айтады. Шарт бойынша зейнетақы аннуитетін алғысы келетін адамның зейнетақы жинағында жеткілікті ақшасы болуы керек.

2. "Жеткілікті шек" дегеніміз не?

Жеткілікті шек - зейнетақы жинағынан алынбайтын, салымшының шотында қалуға тиіс ең төменгі қажет сома.

Бұл сома салымшының зейнетақы шотында қалады. Оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе ем-домға пайдалана алмайсыз. Азамат зейнетке шыққанда, алдағы уақыт ай сайынғы жарнамен және инвестициялық табыспен тұрақты түрде толықтырылып отыратын бұл сома оны ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес төлеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жеткілікті шек әр адамның жасына қарай белгіленген.

Мысалы, 35 жастағы адамның жеткілікті шегі - 2 940 000 теңге. Салымшы осы соманың үстіндегі ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емге пайдалана алады.

Инфоргафикада адамның жасына қарай жеткілікті шек көрсетілген:

Зейнетақы жинағының пайдалануға болатын сомасы туралы мына жерден білуге болады:

  • БЖЗҚ порталындағы "Жеке кабинеттен": Cabinet.enpf.kz және Cabinet.enpf.kz/porog.
  • Еgov.kz сайтынан және "Еgov" мобайл қолданбасынан
  • @enpf Telegram-боты арқылы

3. Зейнетақы жинағының бір бөлігін қандай мақсатта пайдалануға болады?

  • Ипотека қарызын өтеуге
  • Ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға
  • "Отбасы банктен" тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекаға тұрғын үй заемын алуға
  • Ипотека қарызы үшін бастапқы жарнаны төлеуге
  • Жалға сатып алу құқығымен берілген тұрғын үй бойынша қарызды өтеуге
  • Жеке тұрғын үй құрылысына (жерді сатып алу да осыған кіреді)
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға
  • Зейнетақы жинағындағы соманы жақын туысыңызға беруге
  • Емделуге. Салымшы қаражатты емге жұмсай алады. Бірақ нақты қай аурудың ем-домына жұмсау керек екені туралы ереже әлі бекітілмеді. Оны Денсаулық сақтау министрлігі реттеп, арнайы құжат дайындайды.
  • Сонымен қатар қаражатты Жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге болады. Бұл бойынша салымшы белгілі бір компанияларға шотындағы қаражаттың бір бөлігін басқаруға рұқсат береді. Ұйым өз кезегінде құнды қағаздар, облигациялармен жұмыс істеп, ақшаны көбейтеді. Бірақ бұл мекемелердің тізімі әлі бекітілген жоқ, себебі олар аккредитациядан өтуі керек.

Біржолғы зейнетақы төлемін Қазақстанның аумағында ғана жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе қарызды өтеуге пайдалануға болады

4. Сатып алған үйді қайта сатуға бола ма?

Азамат біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланып, мерзімі 5 жылдан асатын ипотекаға үй сатып алса, оны 5 жыл ішінде сата алмайды.

Ал мерзімі 5 жылдан кем ипотека қарызын өтеуге пайдаланса, ол үйді сатуға ешқандай шектеу жоқ.

Азамат тұрғын үйді біржолғы зейнетақы төлемі есебінен және өз қаражатымен толық сатып алып, меншігіне рәсімдесе, сатуға тыйым салынбайды.

Біржолғы зейнетақы төлемі дегеніміз - салымшының тұрғын үйді жақсартуға немесе емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан алатын, шекті соманың үстіндегі қаражат.

5. Өтінімді рәсімдеуден пайдалануға дейінгі процесс қалай жүреді?

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланғысы келген адам Еnpf-otbasy.kz порталында жеке кабинетіне кіреді. Ол үшін электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен авторизациядан өтуге тиіс.

Жеке кабинетте ЭЦҚ арқылы тиісті өтініштер мен келісімдерге, міндеттемелерге қол қою керек.

Келесі жұмыс - өтініш беру. Өтініш бергенде қаражатты қандай мақсатта пайдаланатыныңызды, алынатын соманың мөлшерін, салықты ұстап қалу әдісін таңдайсыз. Сосын өтінішті сақтайсыз.

Осыдан соң өтініш "Менің өтінімдерім" бөліміне түседіі. Мұнда өтініштің қай кезеңде екені көрініп тұрады.

Әрі қарай Біржолғы зейнетақы төлемі үшін "Отбасы банкінен" арнайы шот ашу керек.

Банк 2 жұмыс күні ішінде өтінішті тексеріп, БЖЗҚ-ға жібереді.

БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде азаматтың "Отбасы банкіндегі" арнайы шотына қаражатты аударады.

Алушы зейнетақы жинағын пайдалану мақсатын растайтын құжаттарды 45 жұмыс күні ішінде сайтқа жүктеуге тиіс.

Содан кейін банк растаушы құжаттарды тексеріп, 10 жұмыс күні ішінде қаражатты белгіленген мақсатқа жұмсауға аударады.

6. "Отбасы банкінде" шоты жоқ азаматтар оны қалай аша алады?

Біржолғы зейнетақы төлемі үшін "Отбасы банкінен" арнайы шот ашу керек. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "ЖССБ24" қолданбасын смартфоныңызға жүктейсіз.

Қолданбаның басты бетіндегі "БЗТ үшін шот ашу" батырмасын басып, жеке мәліметтерді жазасыз. Сонымен қатар жеке куәліктегі мәліметтерді де енгізу қажет. Әрі қарай жалпыға ортақ ережелермен танысып, келісім бересіз. Сосын өтініштің қабылданғаны туралы мәліметті қолданбаның басты бетінен немесе Cabinet.enpf.kz сайтынан көре аласыз.

7. Өтініштің күшін жоюға немесе алынатын сома көлемін өзгертуге бола ма?

Рәсімделген өтінішті түзету мүмкін емес. Бірақ қолданыстағы өтінішті жойып, жаңадан ресімдеуге болады.

"БЖЗҚ өтінішіңізді қарауға қабылдады" мәртебесіне көшкенге дейін қолданыстағы өтініштің күшін жоюға болады.

Оны жою үшін Еnpf-otbasy.kz сайтындағы "Жеке кабинет. Менің өтініштерім" бөліміне кіру қажет. Сол жерден өтінішті ашып, төменгі оң жақ бұрыштағы "Жою" батырмасын басыңыз. Келесі күні жаңа өтініш бере аласыз.

БЖЗҚ өтінішті қабылдап, арнайы шотқа ақша аударып қойған күнде де оның күшін жоя аласыз. Мұндай жағдайда қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайтарылады.

Тағы оқыңыз: Зейнетақының бір бөлігін алған дұрыс па? Қаржыгер түсіндіреді