Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін қалай және қандай мақсатта алуға болады?

Осы жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) салым мөлшері жеткілікті шектен асқан жағдайда оның, яғни салымның бір бөлігін алу мүмкіндігі пайда болды. Жеткілікті шек – қор есепшотында қалуға тиіс жинақ ақшаның ең төменгі мөлшері. Салымшы сол шектен асқан бөлігін алады. Жеткілікті шек әр адамның жасына қарай белгіленген.

Бұл заңға сәйкес БЖЗҚ шотындағы қаражатты 3 мақсатта алуға болады. Ол: тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу және ақшаны жекеменшік қаржы компаниялардың басқаруына беру.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында қаражатты алуға тоқталайық. Бұл бағыт бойынша азамат шотындағы ақшаны үй сатып алуға немесе оны жаңадан салуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жер алуға, ипотекаға алған үйінің қарызын өтеуге жұмсай алады. Сонымен бірге жаңа пәтер алу кезіндегі алғашқы жарнаны да төлеу қарастырылған. Бірақ зейнетақы жинағына сатып алынған пәтерді кемінде 5 жыл сатуға шығара алмайсыз. Сонымен қатар бұл ақшаға азаматтар шетелден үй сатып ала алмайды.

Осы ретте “Ақша адамның жеке меншігі болса, неге шетелден пәтер алмайды?” деген сұрақ туады. Бұған қатысты мынадай ескеретін жайт бар. Қордағы қаражат жеке тұлғаның ғана емес, БЖЗҚ-ның да жеке меншігі болып есептеледі екен. Сол себепті осындай шектеу қойып отыр.

Қаражатты емделу мақсатында қолдану. Салымшы Қордан алған қаражатты өзін, ата-анасын, бала-шағасын, туыстарын емдеу үшін қолдана алады. Бірақ нақты қай ауру түрлерінің ем-домына жұмсау керек екені жайлы ереже әлі бекітілмеді. Оны алда Денсаулық сақтау министрлігі реттеп, арнайы құжат дайындауы керек.

Бір отбасыда 5 адам бар делік. Оның әрқайсы өз зейнетақы шотындағы ақшаны алып, бәрі бірігіп, жиналған қаражатты отбасының бір мүшесін емдеуге немесе оған пәтер алып беруге жұмсай алады.

Жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беру. Бұл бойынша салымшы белгілі бір компанияларға шотындағы қаражаттың бір бөлігін басқаруға рұқсат береді. Ал ол ұйымдар құнды қағаздар, облигациялармен жұмыс істеп, ақшаны көбейтеді. Бірақ мұндай жеке қаржы компанияларының тізімі әлі бекітілген жоқ, себебі олар аккредитациядан өтуі керек.

Кеңесім – басқару компаниялары жұмысына кіріскен кезде бірден жүгіріп барып, ақшаңызды сеніп тапсырудың қажеті жоқ. Себебі біздің елде бұл – алғашқы тәжірибе. Олардың клиенттерге қандай қызмет көрсете алатынын білмейміз. Бір-екі ай компаниялардың жұмысын қадағалап, анализ жасап, арасындағы ең тиімдісіне жүгінген абзал.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әу бастағы жоба бойынша зейнетақы шотындағы қаржы білім алу үшін де берілуге тиіс еді. Дегенмен кейін бұл категория алынып тасталды. Меніңше, бұл шешімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, министрліктің берген статистикасына сүйенсек, Қазақстанда БЖЗҚ-да шоты бар салымшының 6,3%-інің ғана зейнетақысының бір бөлігін алуға рұқсаты бар болып шықты. Оның басым көпшілігі зейнет жасына жеткен адамдар. Сәйкесінше, олар қаржыны білімге жұмсамайды.

Тағы бір себеп – заңның әлі күнге дейін шикі болуы. Жалпы бұл жүйе – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең алғашқы тәжірибесі. Мұндай жүйе ТМД елдерінің ешқайсында жоқ. Бірақ жаңадан ойлап табылған заң деп те айта алмаймыз. Себебі АҚШ, Малайзия, Сингапур, Ұлыбританияда бұрыннан енгізілген.

Қордағы ақшаны кімдер ала алады?

БЖЗҚ-дағы жинақ салымы жеткілікті шектен асқан жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлерге Қордағы қаржысының бір бөлігі беріледі. Айтпақшы, зейнеттегі адамдар БЖЗҚ-дағы қаражатының 50 пайызына дейін ғана ала алады.

Салымшы зейнетақысының бір бөлігін алған жағдайда 10% жеке табыс салығын төлейді. Оны төлеудің екі әдісі бар. Бірінішісі – ақшаны шешіп алғанда бірден төлеп тастау. Екіншісі – ай сайын бөліп төлеу.

Қаржыгер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Есепшотта қалуға тиіс жеткілікті шек мөлшері қанша?

Салымшылардың жасына қарай жеткілікті шек мөлшері мынадай:

  • 20 жас – 1 миллион 720 мың теңге;
  • 30 жас – 2 миллин 538 мың теңге;
  • 35 жас – 2 миллион 961 мың теңге;
  • 40 жас – 3 миллион 437 мың теңге;
  • 45 жас – 3 миллион 947 мың теңге;
  • 50 жас – 4 миллион 495 мың теңге;
  • 55 жас – 5 миллион 84 мың теңге;
  • 59 жас және одан әрі қарай – 5 миллион 586 мың теңге.

Қазіргі таңда жеткілікті шек мөлшері көбін мазалайды. Оған наразылық білдіріп жатқандар да бар. Меніңше, бұл мәселені екі жақтан қарастырған жөн.

Әдетте Қазақстанда 20 жастағылар университетте, колледжде оқиды. Сәйкесінше, олардың зейнетақы қорында 1 миллион 700 мың жоқ. Аталған сома шотында болуы үшін мұндай азамат 18 жасынан бастап жұмыс істеуі және ай сайын кемінде 500 мың теңге табыс табуы қажет. Бірақ дипломы, тәжірибесі жоқ 18 жастағы балаға 500 мың теңге кім береді? Мұндай жағдайда бұл мүмкін емес.

Дегенмен позитив тұрғыдан да саралауға болады. Қазіргі кезде шағын, орта бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмын. Көбі – 18-19 жастағы жастар. Бұл қыз-жігіттердің БЖЗҚ-да ақша айналымы жүріп жатыр.

Екіншіден, әр ата-ана баласының атынан депозит ашып, болашағына деп қаржы жинауына болады. Мәселен жолдасым екеуіміз 6 және 4 жастағы екі бала тәрбиелеп отырмыз. Бүгінде олардың жеке жинақ шоты бар. Балалар 18 жасынан бастап жұмыс істемесе де зейнетақы қорын ашып, ақша сала береміз. Кейін олар ақшаны кез келген мақсатта қолдана алады. Меніңше, бұл нәрсе халықты депозит ашуға, қаражат жинауға, қаржылық сауатқа, ақша үнемдеуге үйретеді. Сондықтан жеткілікті шек мөлшерінде көрсетілген сомманың болуы мүмкін емес деу де қате.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жеткілікті шек мөлшері не нәрсеге негізделеді?

Жеткілікті шек мөлшерін жалғыз қаржыгер ойынан құрастырып шықпағанын білген жөн. Оны бір топ маман реттеп отыр. Жеткілікті шек мөлшерін есептеу кезінде мынадай дүние ескеріледі:

  • кейін зейнетке шыққан азаматты ең төменгі еңбекақы мөлшерінен кем болмайтын айлық зейнетақымен қамтамасыз ету (инфляцияны есепке ала отырып);
  • шотта қалатын ақша өмір бойы зейнетақы төлеуге (азаматтар орташа есеппен 73,2 жыл өмір сүреді деп есептегенде, зейнетке шыққаннан кейін 22 жыл бойы) жететіндей болуы керек;
  • болашақта ең төменгі еңбекақыдан тұрақты (жылына 12 рет) төленіп тұратын зейнетақы жарнасы.

Қорыта айтсақ, мысалы, 30 жастағы Арман есімді азаматтың БЖЗҚ-дағы шотында 5 миллион ақша бар делік. Оның жасына қарай көрсетілген жеткілікті шек мөлшері – 2 миллион 538 мың теңге. Яғни Арман жеткілікті шектен артылған 2 миллион 462 миллион теңгесін ала алады. Бірақ мемлекет одан жеке табыс салық ретінде 10%-ін, яғни 246 200 теңге ұстап қалады. Немесе бұл соманы ай сайын бөліп төлеуге болады.

Жалпы, зейнетақының бір бөлігін алу адамдарға жақсы мүмкіндік деп есептеймін. Енді оны пайдалана білу керек. Бұл заң Қазақстан азаматының біразында зейнетақы шотының да жоқ екенін көрсетті. Осы жүйені қолдансақ, халық есепшотында ақша жинауды үйренер еді. Ал кәсіпкерлер табыс көзін бұрмалап, нақты сомманы жасыруды азайтар еді деп ойлаймын.