Ұлы Отан соғысы, Ауғаныстан соғысы ардагерлеріне, Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқан азаматтарға және олардың отбасыларына қандай жеңілдіктер қарастырылған?
1. Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілген адамдар кімдер?
Мына тізімдегі адамдар жеңiлдiктер мен кепiлдiктерді Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңдей алуға құқығы бар.
Олар: КСРО Ішкі істер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының адамдары; КСРО үкіметінің шешімімен шетелдердегі ұрыс-қимылдарына қатысқандар, соның ішінде Ауғаныстанға жіберілген әскери міндеттілер; 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдар; қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасылары да осы санатқа кіреді.
2. Қандай отбасылар жеңілдіктер мен кепілдіктерді алуға құқылы?
Егер отбасыңыздың мүшесі:
- КСРО заманында әскери міндетті атқару барысында жараланып, қаза тапса, яки хабар-ошарсыз кетсе;
- ҰОС-та немесе Ленинград қаласының госпитальдерi мен ауруханаларында қаза тапса;
- КСРО Қорғаныс министрлiгiне, iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндетiн өтеу кезінде қаза тапса;
- Басқа мемлекеттердегi (соның ішінде Ауғаныстандағы) ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың салдарынан қаза тапса (хабар-ошарсыз кеткен);
- Бейбіт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапса;
- Чернобыльдегі және өзге де азаматтық және әскери мақсаттағы объектілерде радиациялық апаттар кезінде қаза тапса, ҰОС-қа қатысушылармен теңдей жеңілдіктерді алуға құқығыңыз бар.
Сондай-ақ, ҰОС кезінде тылдағы еңбегі үшін орден-медальдермен марапатталған адамдар, 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, оқшаулау аймағынан Қазақстан Республикасына қоныс аудартқан (өз еркiмен көшкен) адамдар да жеңілдіктер алуға құқылы.
3. Соғысқа қатысушыларға үй беріле ме?
Иа. Егер заң бойынша тұрғын үйге мұқтаж деп танылса, жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар, оларды бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етедi. Сондай-ақ үйге бiрiншi кезекте кiру құқығын иеленедi.
Үй салу үшiн 30 жылға бес проценттiк жеңiлдiктi кредитпен несие беріледі. Несие жинағында бастапқы қоры болуы маңызды емес.
Соғысқа қатысушылар басқа тұрғын үй берiлмейiнше, қызмет бабындағы тұрғын үйден шығарылмайды.
Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, "Халық қаhарманы", Социалистiк Еңбек Ерi атағына ие болған, Даңқ орденiнiң үш бiрдей дәрежесiмен, "Отан" орденiмен наградталған адамдарға 20 шаршы метрге дейiн қосымша пайдалы алаң алу құқығы беріледі.
4. Қандай медициналық көмектер көрсетіледі?
Соғысқа қатысушылар амбулаторлық-емхана мекемелерiнiң қызметiн артықшылықпен пайдаланады және ауруханаға кезектен тыс жатқызылады.
Заңда белгіленген тәртiппен бiлiктi медициналық көмекті пайдалана алады. Тегін дәрі-дәрмек беріледі.
Протездермен (тіс протездерінен басқа) және протез-ортопедия бұйымдарымен тегін қамтамасыз етіледі.
Жалпы сырқаттануы салдарынан еңбекке уақытша жарамсыз болса, күнтiзбелiк жылда қатарынан бес айға дейiн жәрдемақы алады. Жұмыс стажына қарамастан жалақысының 100%-ы мөлшерiнде уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алады.
5. Қандай тегін қызметтер көрсетіледі?
Моншаларға, мәдени ойын-сауық немесе спорт шараларына, шаштараздарға осындай қызмет көрсететiн кәсiпорындар мен мекемелердiң есебiнен бiрiншi кезекте және тегiн барады.
Егер соғыс салдарынан мүгедек болса, санаторийге барып, емделуі үшін жыл сайын ұзақтығы 15 жұмыс күнiне дейiн ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.
Ал Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне темір жолда, әуе, су және қалааралық автомобиль көлігінде жылына бір рет жүру үшін, сондай-ақ І топтағы мүгедекті алып жүретін адамның жол шығындарына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
6. Соғыс мүгедектеріне қандай жеңілдіктер беріледі?
Соғыс мүгедектеріне тұрғын үйді ұстауға кететін шығындарды, дәрі-дәрмекке, көзілдірікке, көліктің барлық түрімен (таксиден басқа) жүру жөніндегі шығындарды төлеу үшін, жергілікті мерзімді баспасөзге жазылу кезінде олардың біреуіне жазылуға, кресло-қоларба бөлуге, бензинге, қосалқы бөлшектерге, автомобильдер мен мотоарбаларды жөндеуге және оларға техникалық қызмет көрсетілуіне өтемдік төлемдерге мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.
I және II топтардағы мүгедектерге олардың қалауымен ТМД елдерiнiң аумағында темiржол көлiгiмен жылына бiр рет тегiн жол жүру (бару, қайту), әуе, су немесе қалааралық автомобиль көлiгiмен жол құнының 50% мөлшерiнде шегерiм жасалып жол жүру құқығы берiледi. Ал III топтағы мүгедектер үшiн ТМД елдерiнiң аумағында жылына бiр рет қалааралық көлiктiң барлық түрлерiмен жол жүру (бару, қайту) құнынан 50% шегерiм жасалды.
Қалааралық жол жүру төлемiнен жылына бiр рет жасалатын 50% шегерiмнiң орнына олардың қалауы бойынша екi жылда бiр рет тегiн жол жүруге (бару, қайту) рұқсат етiледi.
7. Соғысқа қатысушыларды жерлеу рәсімі кезінде қандай көмектер көрсетіледі?
Отбасы мүшелерiне немесе жерлеудi ұйымдастырушы адамға 35 АЕК (84 175 теңге) мөлшерiнде жерлеуге арналған жәрдемақы берiледi.
Соғысқа қатысқан Кеңес Одағының Батыры, "Халық қаhарманы", Социалистiк Еңбек Ерi атағына ие болған, Даңқ орденiнiң үш бiрдей дәрежесiмен, "Отан" орденiмен наградталған адамдарға әскери сый-сияпат көрсетiлiп, тегiн жерленедi және қабiрiнiң басына құлпытас қойылады.
8. Жеңілдікті ала алмаса не істейді?
Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға жоғарыда аталған жеңiлдiктер мен кепiлдiктердiң берiлуiн шектеген немесе кедергi жасаған мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.