Елімізде кімдер тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алады? Тегін дәрілерді қалай және қайдан алу керек? Ақысыз екпе және профилактикалық тексерістен кімдер өте алады? Балаларға қандай жағдайда дәрі-дәрмек тегін беріледі? Бүгінгі материалда осы сұрақтарға жауап іздедік.

1

Кімге тегін дәрі беріледі?

Егер сіз емханаларда диспансерлік есепте тұрған болсаңыз, тегін дәрі-дәрмектер ала аласыз.

Сондай-ақ, белгілі жастағы балаларға және белгілі ауруларына байланысты тегін дәрі-дәрмектер беріледі.

Дәрілік құралдарды тегін алуға ҚР азаматтары толық құқылы. Бұл туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 88-бабында көрсетілген.

Ескертейік, барлық дәрілер тегін берілмейді. Аурудың түріне байланысты ҚР Денсаулық Министрлігі арнайы тізім бекіткен. Оны мына сілтемеге өтіп көре аласыз. Тізімде қандай дәрілер берілетіндігі көрсетілген. 

2

Тегін дәрілерді қалай алады?

Дәрілерді сіздің учаскелік дәрігеріңіз немесе профильдік (гематолог, эндокринолог, пульмонолог және т.б.) маман берген рецепттер бойынша дәріханалардан аласыз.

Дәріханалардың да нақты тізімі бар. Оны мына сілтемеге өтіп қарай аласыз. Әдетте, рецепт тағайындаған дәрігер қай дәріханаға бару керектігіне жөн сілтейді.

Дәріханашы тегін дәрі беру үшін азаматтардан:

  • Жеке басын куәландыратын құжатты;
  • Науқас балаларға туу туралы куәлігін сұрайды.

Екі құжаттың орнына нотариалды бекітілген көшірмелерді де ұсынуға болады.

Туберкулезбен ауыратын азаматтарға амбулаторлық емдеу кезінде қажетті дәрілер тегін беріледі.

3

Тізімдегі дәріханалар дәрі беруден бас тарса не істеу керек?

Сіз диспансерлік есепте тұрған болсаңыз және дәрі беруі тиіс дәріханалар сізден төлем талап етсе немесе дәрі беруден мүлде бас тартса, мына мекен-жайларға шағымдана аласыз:

  1. Дәрілік ақпараттық-сараптамалық орталыққа, телефон: 8 (71 435) 26-61-88; 8 800 080 88 87 (Республика бойынша қоңырау шалу тегін)
  2. Емделушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңестерге жүгіне аласыз. Мұндай кеңестер әр медициналық ұйымның жанынан құрылады.
4

Қандай жағдайда балаларға тегін дәрілер беріледі?  

Министрліктің бұйрығына сәйкес барлық жаңа туған балалар медициналық қораптармен қамтамасыз етіледі. Қорап перзентханадан шығарылған кезде беріледі.

Ананың жағдайына байланысты бала өмірінің алғашқы жылдары ана сүтін алмастырғыштар беріледі. Аталған алмастырғыштар сондай-ақ күндізгі оқу нысанындағы студенттерге де беріледі.

0 ден 5 жасқа дейінгі балаларға тегін дәрілер мынадай ауруларда тиісті:

  • пневмония
  • бронх демікпесі
  • темір тапшылығы анемиясы
  • мешел
  • жіті фарингит/ тонзиллит/ бронхит
  • эилепсия
  • балалар церебралды  сал ауруы
  • психикалық аурулар

1 жасқа дейінгі балаларға мынадай профилактикалар жүргізіледі: күзгі-қысқы кезеңінде ргокальциферол, ауыз арқылы қолданылатын ерітіндімен, ішуге арналған майлы ерітіндімен; колекальциферол, сулы ерітіндімен мешелдің алдын алу.

5

Қандай екпелер тегін салынады?   

Елімізде профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесі бар. Осы күнтізбеге сай, кімге және қандай ауруларға қарсы екпе салу керектігі көрсетілген. Тізімдегі екпенің барлығы тегін салынады. Оны мына сілтемеге өтіп көре аласыз.

Екпелердің басым көпішілігі 6 жасқа дейінгі балаларға салынады. Міндетті екпелердің қатарына полиомиелит, туберкулез, "В" гепатиті, көкжөтел, қызылша аурулары кіреді. Дәрігерлер мұндай екпелерден бас тартпауға кеңес береді.

Сондай-ақ, инфекциялардың табиғи ошақтарында (энцефалит, сібір жарасы, оба, т.б.) тұратын және жұмыс істейтіндерге, медицина қызметкерлеріне, кәріз және тазалау құрылыстарының жұмыскерлеріне екпе тегін салынады. Сондай-ақ, қан құйылған адамдар, кез келген жануардың тістеуіне, сілекейленуіне ұшыраған адамдар да екпені тегін салдыра алады.

6

Жедел-жәрдем қызметі тегін көрсетіле ме?

Барлық медициналық ұйымдарда жедел-жәрдем қызметі тегін көрсетіледі. Олар өте шұғыл жағдайда науқасты ең жақын әрі қажетті қызмет көрсете алатын медициналық клиникаға жеткізуі тиіс.

Өміріне тікелей қауіп төнген науқасқа (І санат) жедел-жәрдем 10 минут ішінде жетуі тиіс, ал өміріне аса қауіп төнбеген, орташа жағдайда 60 минут ішінде келуі керек.

7

Тегін профилактикалық тексерістер бар ма?

30-70 жас аралығындағы азаматтар бірнеше аурулар бойынша тегін профилактикалық, скринингтен тексерістен өте алады. Нақтылап айтар болсақ: қан айналымы жүйесі, қант диабеті, глаукома және қатерлі ісіктің алты түрінен (жатыр мойнының, сүт безінің, аш және тоқ ішектің, асқазан, қуықалды бездің, гепатоцеллюлярдан) өтуге болады.

Тегін тексерістерден әр 2-5 жылға дейін өтіп тұруға болады. Тексерістен өту жиілігі азаматтың жасына және денсаулығына байланысты жүргізіліп отырады.

Тіркеуге тұрған поликлинакарыңыз телефоныңызға қоңырау шалып немесе поштаңызға хат жіберу арқылы тегін тексеріс туралы хабарлауы керек. Егер тексеріс нәтижесі бойынша сізге қосымша диагностикадан өту қажет болса, ол да тегін көрсетілуі керек.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!