Елімізде жоспарлы емдеу уақытша тоқтатылған, яғни карантин аяқталғанша емханалар пациенттерді тек шұғыл жағдайда қабылдайды. Осы тұрғыда кімге жеңілдік жасалған? Үйде отырып, дәрігерден қалай кеңес алуға болады? Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтандағы №10 қалалық емхана басшысының ана мен бала денсаулығы бойынша орынбасары Айман Дәулетбекова жауап берді.
1. Төтенше жағдай кезінде емхана пациент қабылдай ма?
Карантинге қарамастан емхананың есігі ашық. Бірақ жаңа режимге көшті. Жұмыс кестесі өзгерген жоқ - сағат 08.00-ден 18.00-ге дейін аптасына 6 күн, яғни, сенбіде де жұмыс істейді.
Дегенмен мамандар келушілерді "таза" және "лас" деп екі топқа бөледі. Қызметкерлер азаматтарды тепловизормен тексеріп, дене қызуы жоғары пациенттерді бөлек есіктен фильтр кабинетіне жібереді. Ал өзге науқастардан күту залында қауіпсіздік үшін арақашықтықты сақтауды сұраймыз. Емханаға күніне 100-ге жуық адам келеді. Сондықтан қазір кезек жоқ. Көбіне жүкті әйелдер мен созылмалы аурулары бар пациенттер келеді, олар уақтылы тексеруден өтіп отыруы тиіс, - дейді Айман Дәулетбекова.
Маманның айтуынша, карантин кезінде де қажет жағдайда шұғыл медицина көмегі көрсетіледі. Алайда жоспарлы көмек карантин толық алынғанға дейін кейінге қалдырылды. Азаматтарға үйден шықпай учаске дәрігерінен, бейінді мамандардан қашықтан кеңес алу ұсынылып отыр. Қандай да бір тексеруден өту қажет болған жағдайда дәрігер уақытын белгілеп, пациентті өзі шақырады.
2. Үйде отырып дәрігерден қалай кеңес алуға болады? Бейінді мамандар да кеңес бере ме?
Дәрігерден үйде отырып кеңес алуға болады. Бейінді мамандар да қашықтан жұмыс істейді.
Олардың қатарында жұрт көп сұрайтын - эндокринолог, неврапотологтар мен кардиологтар бар. Бейінді мамандардан кеңес алу үшін учаске дәрігерімен немесе медбикемен байланысып, карантин кезінде арнайы ашылған чатқа қосуын сұраңыз, - дейді Айман Дәулетбекова.
3. Қазір үйге дәрігер шақыруға бола ма?
Қажет болған жағдайда дәрігерді үйге шақыруға болады. Ол үшін сағат 16.00-ге дейін "109" нөмірі арқылы iKomek бірыңғай байланыс орталығына өтініш қалдырсаңыз жеткілікті. Мамандар сізге сол күні қызмет көрсетеді. Жағдайыңыз ауыр болса, жедел жәрдем шақыруға болады. Ол шұғыл қызмет көрсету үшін емхана жанынан құрылған және жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Күту уақыты - 15 минуттан 30 минутқа дейін.
Егер жіті респиратор вирус инфекциясының белгілері болса, бірден "103-ке" телефон соғу қажет. Мұндай шақыртуларға арнайы мамандандырылған бригада көмекке келеді. Қажет болған жағдайда коронавирус инфекциясына тексеру үшін пациентті стационарға алып кетеді.
Созылмалы ауруы бар пациенттерге келетін болсақ, олар сырқатының ерекшелігіне байланысты учаске дәрігерлері мен бейінді мамандардың тұрақты дистанция мониторингінде болады. Паллиатив көмекті үйде арнайы бригада береді.
4. Карантин кезінде жаңа туға балаларға және босанған әйелдерге патронаж қызметі көрсетіле ме?
Міндетті түрде. Ол үшін қоңырау шалып, дәрігер шақырудың қажеті жоқ. Патронаждар тізімі перинатал орталықтардан электрон түрде түседі. Жаңа туған нәресте үйіне шыққаннан кейін 3 күн ішінде учаске дәрігері медбикемен бірге патронаж қызметін көрсетеді. Мамандар анасының да көңіл-күйін сұрап, баланы дұрыс қарап-күтуді үйретеді, егер қауіпті симптомдар анықталса, дәрігерді шұғыл шақыру қажет.
5. Емханаға тіркелмеген, өзге өңірден келген адамдарға медицина көмегі беріле ме?
Қазақстанда шұғыл көмек кез келген адамға тіркелген жері мен тұратын орнына қарамастан тегін беріледі.
Нұр-Сұлтандағы емханалардың аймақтарда жүрген пациенттері өздерінің учаске дәрігеріне қоңырау шалып, қашықтан кеңес ала алады.
6. Рецепт бойынша дәрі-дәрмекті үйге тапсырыс беру үшін қайда хабарласу керек? Бұл қызметті кімдер пайдалана алады?
Карантин кезінде 3 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Созылмалы ауруларға шалдыққан науқастарға дәрі-дәрмек үйіне жеткізіледі. Ол үшін "109" нөміріне өтініш қалдыру керек. 65 жастан асқан қарт адамдарға, обырға шалдыққандар мен жүкті әйелдерге дәрімен бірге 5 дана медицина маскасы тегін беріледі.
Қазір күндізгі стационар жұмыс істей ме? Физиопроцедура, скриниг тексеру кабинеттері ашық па?
Қазіргі уақытта бұл кабинеттердің жұмысы тоқтатылды. Карантин кезінде стационарды алмастыратын қызмет (күндізгі стационар) көрсетілмейді.
7. Балаға екпе салу жоспарланған болса, қазір вакцина саласыздар ма?
Жоспарлы иммунопрофилактика іс-шаралары кейінге қалдырылды. Тек егу күнтізбесіне сәйкес перинатал орталықтарда жаңа туған нәрестелерге туберкулезге және "В" гепатитіне қарсы вакцина салынады. Мысалы, үй жануары тістеп алса, құтыруға қарсы екпе салынады.
8. Егер азамат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әлі сақтандырылмаған болса, оған тегін медициналық көмек беріле ме?
Иә. Төтенше жағдай режиміне байланысты МӘМС бойынша жеңілдік кезеңі 1 шілдеге дейін ұзартылды. Осы аралықта әрбір адам, тіпті медициналық сақтандыру қорына жарна төлемеген жағдайда да сақтандырылған болып есептеледі және екі пакетте де - ТМККК және МӘМС медицина көмегін алады.
9. Емханада стоматология қызметі көрсетіле ме?
Шұғыл көмек алуға болады. Мысалы, тісіңіз қатты ауырып тұрса немесе пульпит жағдайында.
10. Қазір еңбекке жарамсыздық парағы беріле ме, оны алу үшін ауруханаға бару керек пе?
Беріледі. Ол үшін алдымен қашықтан кеңес алу қажет. Дәрігер пациенттің жағдайын қарайды, ЖРВИ белгілері болмаса, үйге келіп тексеруі мүмкін немесе қабылдауға, тексеруге шақырады.
Инфекция стационарынан шыққаннан кейін, коронавирус инфекциясынан емделген адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы қашықтан ресімделеді. Пациент 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауымен үй карантинінде болады.