«Дауылдан кейін аралдағы бір де бір адамда электр қуатын пайдалану мүмкіндігі болмай отыр»,- деп мәлімдеді төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік басшысы Абнер Гомес.
АҚШ Ұлттық дауыл орталығы аралдың басым бөлігі су астында қалғанын айтады. «Мария» дауылы қазір Пуэрто-Рикодан өтті, оның күші екінші категорияға төмендеді.
«Сыртқа шығуға мүмкіндік туған кезде көргеніміз – бүкіл аралдың күл-талқан болғаны. Дауыл жолындағының бәрін күйретіп кетті» деген Абнер Гомес El Nuevo Dia берген сұхбатында.
«Мария» осы кезеңде Кариб аралдарын соққан екінші аса күшті дауыл. Алғашқысы қыркүйектің басындағы «Ирма» болатын. Екі дауыл да бір аймақты қамтыды.
