Оған құрылысшы мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждер, сондай-ақ «Тыныс», «ЕНКИ» құрылыс компаниялары қатысты. Көрмеде оқу ордалары студенттерінің жетістіктерімен мақтанса, құрылыс мекемелері алдағы жоспарларын көрсететін қала макетін ала келген.
Көрмені мұқият қарап шыққан облыс басшысы өңірдің көрікті болуы үшін әлі де бірқатар жұмыстардың атқарылуы керектігін айтты. Бұдан кейін Мәлік Мырзалин құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ерен еңбегін бағалап өтті.
Кәсіби шеберлігі, адал еңбегі мен жаңа архитектуралық шешімдері үшін бірқатар құрылыс саласының үздіктері «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен және ақмола облысы мен қала әкімдері атынан алғыс хаттармен марапатталды. Өз атынан арнайы гүл шоқтарын да табыс етті.
Салтанатты шара соңы сәулет өнерінің майталмандарына арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, Қазақстанда құрылысшылардың кәсіби мерекесі тамыздың екінші жексенбісінде тойланады. Ақмола облысында бес жыл ішінде 10 мың отбасы пәтермен қамтылған. Соңғы үш жылда әлеуметтік маңызы бар 42 ғимарат қолданысқа енгізілді. Бүгінгі таңда қаладағы құрылыс қарқыны одан әрі үдей түсуде.
