Басты бет Картотека Көп қабатты үйдің кіреберісін кім жөндейді: шығынды қалай бөлу керек?

Көп қабатты үйдің кіреберісін кім жөндейді: шығынды қалай бөлу керек?

тұрғын үй, пәтер
Фото: Нұрназар Әмзе
Көпқабатты үйдің тұрғындары кіреберісті жөндеуге бөлек ақша жинауы керек пе, қаражат жетпесе, не істеуі қажет? Baribar.kz көпқабатты үйдің кіреберісін жөндеу шығынын кім төлеуі керек екенін анықтады.

Пәтерден басқасының бәрі — тұрғындарға ортақ мүлік

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша, пәтерден басқа кез келген дүние — тұрғындарға ортақ мүлік. Мысалы:
  • кіреберіс пен баспалдақ;
  • шатыр мен жертөле;
  • лифт;
  • пошта жәшіктері;
  • инженерлік жүйе мен жабдықтар (пәтерден тыс болса);
  • аула (ауладағы орындық, қоқыс жәшігі, жарық, т.б.).

Көп қабатты үйдің кіреберісін жөндеу ақысын кім төлеуге тиіс?

Көпқабатты үйдің кіреберісі — ортақ мүлік. Демек, ортақ мүлікті жөндеу ақысын пәтердегі тұрғындар мен үйдің иелері төлейді. Бірінші, екінші қабат тұрғындары лифт қолданбайтындықтан, лифтінің электр энергиясына шығындалмайды. Алайда лифт ауыстыру қажет болса, бәрі қаражатты тең бөлуі керек.

Жөндеуге ақшаны қайдан алуға болады?

Әр көп қабатты үйдің ағымдағы есепшоты мен жинақ есепшоты болуы керек. Тұрғындар ай сайын есепшотқа ақша аударады. Төлем сомасын пәтердің ауданына қарай бекітеді.

Анықтама

Ағымдағы есепшот — үйді, ауланы тазалау мен күтіп ұстау шығынын өтеуге қажет қор. Мысалы, бұл қаржыны аула тазалауға, қар күреуге, майда-шүйда жөндеу жұмысы мен күйіп кеткен электр шамын жөндеуге жұмсауға болады.

Жинақ есепшот — ірі шығынға арналған қаражат. Мысалы, жинақ есепшот негізінде күрделі жөндеу жұмысына, тұрғын үйдің сыртын оқшаулауға, шатыр ауыстыру мен ауланы абаттандыруға болады.

Кіре берісті жөндегенде нақты нені жаңалау қажет?

Кіреберісті жөндеу стандарты:

  • қабырға мен төбені бояу;
  • еденді жаңарту;
  • пошта жәшіктерін ауыстыру немесе бояу;
  • қоршау мен тұтқаларды жөндеу;
  • кіреберістегі есік пен маңдайшаны жаңарту.

Меншік иелерінің 51%-ы келісім берсе ғана, кіреберісті жөндеуге болады

Алдымен тұрғындар жиналыс (онлайн, офлайн немесе сауалнама арқылы) өткізеді. Шешім қабылдап, жөндеу жұмысын бастау үшін меншік иелерінің кемінде 51%-ы құрылысқа келісім беруі керек. Содан соң хаттама жазып, пәтер иелерінің кооперативіне (КСК) өтінім береді. Кейін мердігерді таңдап, шығынды есептеп, келісу қажет.

Шағын әрі шұғыл жөндеу қажет болса (мысалы, шатырдан су ағып тұрса), тұрғындар жиналыс өткізбей-ақ, басқарушы ұйым құрылысты бастайды. Алайда мұндай жағдайда міндетті түрде өтінім мен акт рәсімдеуге тиіс.

Жөндеуге ақша жетпесе, не істеуге болады?

Жөндеуге ақша жетпесе, қосымша қаражат жинауға болады. Екінші нұсқа — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту (ТҮКШ немесе ЖКХ) бағдарламасы арқылы мемлекеттен 15 жылға дейін пайызсыз несие рәсімдей алады.

Пәтерді жалға алғандар шығынды қалай бөледі?

Пәтерді жалға алғандар жөндеу жұмысының шығынын пәтердің ауданына қарай пропорционал түрде төлеуге тиіс.