Астанадағы SOS батырмалары қалай жұмыс істейді?

Астанада тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 40 SOS жедел шақыру батырмасы орнатылып, тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Полиция мәліметінше, батырмалар адам көп шоғырланатын орындарда — теміржол вокзалдары, базарлар мен қалалық саябақтар аумағында орналасқан.

Жүйе төтенше жағдай кезінде азаматтарға полициядан жедел әрі қолжетімді түрде көмек сұрауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері SOS батырмалары арқылы полицияға тоғыз өтініш келіп түскен. Барлық хабарлама бойынша тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, оқиға орындарына дер кезінде жетіп, қажет тексеру жұмыстарын жүргізген. Мәселен, кешкі уақытта Қабанбай батыр даңғылы бойындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында күдікті тұлғалар туралы хабарлама тіркелген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, аумақты тексеріп, мән-жайды анықтау шараларын қабылдады, — делінген хабарламада.

Полиция тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға және күмәнді жағдайларда SOS батырмасын немесе «102» арнасын пайдалануға шақырады.