Алматыда автокөлік шығарындыларына жүргізілген мониториң аясында №3 коммуналдық автобус паркі тексерілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Eco Almaty ЖШС өкілдерінің мәліметінше, автопаркте тіркелген 289 автобустың 40-ы жөндеуде болған. Тексеру барысында қалған 249 көлік қаралып, олардың 50-інде пайдаланылған газдарды тазартуға арналған негізгі құрылғы – катализатор жоқ екені анықталды.
Мониториңнің басты мақсаты – атмосфералық ауаны қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қаладағы негізгі ластаушы көздердің бірі саналатын автокөлік шығарындыларын азайту.
Сонымен қатар Алматының экология департаменті бірқатар автокөлік кәсіпорындарына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Атап айтқанда, NEO City TRANS ЖШС мен TALAP T ЖШС автобус парктерінде жүргізілген өлшеулер кейбір көліктерде зиянды шығарындылардың белгіленген нормадан асып кеткенін көрсетті.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 333 және 334-баптарына сәйкес әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, жалпы сомасы 13,3 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар кәсіпорындарға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді, — делінген хабарламада.
Мамандар экологиялық талаптардың сақталуын бақылау алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
