Не болды?
Тараздағы автосалонның сату менеджері компания мен клиенттерді 334 миллион теңгеге алдап кеткен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, Тараздағы автосалонның 25 жастағы сату менеджері, бөлім басшысы клиент әйелге 90 миллион теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беремін деп уәде берген. Кейін сөзінен тайқып, әйелдің көлігін сатып жіберіп, ақшаны өзі жаратқан. Содан соң басшылыққа білдірмей, автосалонда 83 миллион теңге тұратын жаңа көлікті әйелге беріп жіберген.
Бұдан бөлек, сату менеджері екі көлікті (құны 68 миллион және 34 миллион теңге) сатып, қаражатты қалтасына басқан. Сонымен қатар автосалонға тиесілі 59 миллион теңгелік жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағада сатып жіберген, — делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша, күдікті аса ірі мөлшерде алаяқтық жасап, басқа біреудің мүлкін иемденіп, ақша жымқырғаны үшін кінәлі болып, 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылған еді. Прокурордың қорытындысында кассациялық сот бастапқы үкімді өзгертіп, бас бостандығынан айыру мерзімін 8 жылға ұлғайтты. Себебі кінәлі азамат шығынды өтемеген.
Контекст
Естеріңізге салайық, Шымкентте өзін тергеу қызметкері ретінде таныстырып, 25 миллион теңгені жымқырған алаяқ ұсталды.
