Шымкентте заңсыз интернет-казино ұйымдастырғандар ұсталды

Шымкентте заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ҚМА мәліметінше, қала тұрғыны мобайл қолданба арқылы жұмыс істеген жасырын интернет-казиноны ұйымдастырып, оның қызметін үйлестіріп отырған.

Қылмыстық схема аясында «Техас холдем» покер ойынына арналған қолданба пайдаланылып, Vendetta және AMG600L атты клубтар Nomad желісіне біріктірілген. Аталған онлайн-клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстанмен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын да тартқан. Клиенттерді көбейту үшін мессенджерлер арқылы жарнама таратылып, түрлі бонус жүйелері қолданылған. Ойыншылар шоттарын банк аударымдары арқылы толықтырып, арнайы «фишкалар» алып ойынға қатысқан. Ұтыс болған жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың карталарына аударылған, — делінген хабарламада.

Ұйымдастырушылар табысты әр ойын үстелінен алынатын 3–5% көлеміндегі комиссия есебінен тапқан. Сонымен қатар ойыншыларды ұстап қалу үшін виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де қолданылған.

Қаржы ағымдарын жасыру мақсатында «дропперлердің», оның ішінде шетел азаматтарының банк шоттары пайдаланылған. Әр шот үшін 100–200 мың теңге көлемінде сыйақы төленіп отырған. Жалпы ақша айналымы 557 миллион теңгеден асқан. Тінту барысында ұйымдастырушының тұрғылықты жерінен есірткі заты табылып, тәркіленді, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Айта кетейік, кейбір ойыншылардың шығыны 30 млн теңгеге дейін жеткен.