Шымкентте әкімдікті бопсалады деп айыпталған блогерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып, сотталушыға «қорқытып алу» бабы бойынша айып тағылған.
Сот материалдары бойынша, айыпталушы 2025 жылғы қазан айында әлеуметтік желілерде әкімдік беделіне нұқсан келтіретін жазба жарияламақ болған. Ол әкімдік өкілімен кездесу кезінде 10 миллион теңгеге ақпараттық келісімшарт жасауды талап еткен. Келіспеген жағдайда әкімдікті масқаралайтын жазбаны жариялайтынын айтып қорқытқан. Сонымен қатар 6 қараша күні ол 990 мың теңгені анасының банктік шотына аудартқаны анықталған.
Сот отырысында прокурор айыпталушыны бас бостандығынан айыруды сұраса, жәбірленуші тарап та қатаң жаза қолдануды талап етті. Ал блогер өз кінәсін ішінара ғана мойындап, бостандығынан айырмауды сұраған. Сот үкімімен ол бес жылға бас бостандығынан айырылып, осы мерзім ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, сотталушының асырауында бес баласы бар.
