«Өмірлік сабақ болды». Блогер Эльмира Төлегенова прокурормен келісімге келуді сұрады

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогер Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтып, прокурормен келісімге келуді сұрады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкім шығарылар алдында өз құқықтарын пайдаланып, прокурормен келісімге келу туралы өтініш жасады. Эльмира Төлегенова соттағы сөзінде өздерінің әрекеттеріне өкінетінін жеткізді.

Өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық, бұл бізге өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Құрметті сот, маған және күйеуіме жеңіл жаза тағайындауыңызды өтінеміз, – деді ол.

Сонымен қатар айыпталушы сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасау туралы өтініш білдіргенін айтты. Оның айтуынша, келісім шарттары толық түсіндірілген.

Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, ал прокурорға өтінішті қарау үшін уақыт берілді.

Еске салайық, Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.

Тергеу органдары әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражатты заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған кіріс деп бағалап, оны заңдастыру белгілерін анықтаған.

Прокурор блогерлерді төрт жылға соттауды сұрады.