Қазақ әнші Voice Beyond Horizon жобасында жеңіске жетті

Қазақ өнерпаз Нұржас Садырбаев халықаралық Voice Beyond Horizon жобасында бірінші орын алып, «Даңқ жұлдызы» атағына ие болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Dimashnews.com мәліметінше, жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен жүзеге асырылды. Музыкалық сапар Түркістанда басталып, Ақтау мен Алматы арқылы жалғасып, Астанада қорытындыланды.

Жобаға Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстаннан келген сегіз қатысушы қатысып, Қазақстанның киелі жерлерін аралап, ұлттық мәдениетпен танысты. Аталған жобаның атқарушы продюсері ретінде Димаш Құдайберген қатысқан. Voice Beyond Horizon шоуының алғашқы эпизоды Қытай медиакеңістігінде үлкен қызығушылық тудырды. Жобаның жоғары рейтиңі Hunan TV телеарнасының есебімен расталды, — делінген хабарламада.

Премьера Қытайдың CVB, CSM және CSM71 желілерінде көш бастап, KuYun және Huanwang рейтиңдерінде де аймақтық спутниктік арналар арасында бірінші орынға шыққан.

Сонымен қатар платформалардағы тікелей эфирлердің қаралымы 102 миллионнан асып, әлеуметтік желілерде жобаға қатысты 143-тен астам тренд тақырып қалыптасты.