Щучинскідегі дәмхана жарылысы: тағы 2 күдікті ұсталды

Ақмола облысының прокуратурасы Щучинскідегі «Центр плова Loft» дәмханасында болған жарылысқа қатысты тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомствоның мәліметінше, іс өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қаралып жатыр. Аталған құқық бұзушылық абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан.

Тергеу аясында дәмхана иесінен бөлек тағы екі адам – автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталған. Олар газ баллондарын толтыру және жеткізу кезінде заң талаптарын бұзды деген күдікке ілінді, — делінген хабарламада.

Прокуратура мәліметінше, күдіктілердің бірі сот шешімімен үйқамаққа алынған, ал екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске салайық, 26 ақпан күні кешкі сағат 21:56-да Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында орналасқан «Центр плова» дәмханасында жарылыс болды. Оқиға салдарынан жеті адам қаза болып, 28 адам жарақат алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да