Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің есепшотын тексеріп жатыр. Салық органдары кәсіпкерлерді қандай жағдайда қатаң бақылайтынын түсіндіреміз.

Кәсіптік төлемді жеке банк картасына қабылдауға болмайды

Қаржы министрлігінің мәлімдемесі бойынша, бизнес өкілдеріне тауар мен қызмет төлемін жеке банк картасына қабылдауға болмайды. Кәсіпкер тұтынушылардан төлем қабылдау үшін арнайы есепшот пайдалануға тиіс.

Мобайл аударымдарды тексергенде:

  • төлем жасауға телефон нөмірі көрсетілгені анықталса;
  • тұтынушы шағымданса;
  • тауар мен қызметке түбіртек берілмесе, салық органдары кәсіпкердің есепшотына баса назар аударады.

Кәсіпкер жеке шотына төлем қабылдаса, жауапқа тартылады

Кәсіп қаражатын жеке шотқа аударту — салық кодексі мен банк қызметін пайдалану талабына қайшы әрекет. Заң бұзылғаны анықталса, мемлекеттік кірістер комитетінің дәлелі бойынша, кәсіпкер жауапқа тартылады.

Дегенмен жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымына талап пен шектеу жоқ. Жеке аударым мен бизнес үшін екі бөлек карта қолдануға болады. Қазақстандағы банктер бұл жүйені әлдеқашан енгізген. Жеке кәсіпкердің екі немесе одан да көп шот ашуға мүмкіндігі бар.

Есепшот қандай жағдайда салық органының бақылауына ілігеді?

Салық органдары аударым сомасына, санына емес, әртүрлі есепшот пен жіберушілердің санына қарайды. Егер қатарынан үш ай бойы ай сайын 100 түрлі есепшоттан ақша түссе, жалпы сома ең төменгі 12 жалақыдан (1 020 000 теңге) асса, кәсіпкер бақылауға ілігеді. Бір адамның күніне бірнеше рет ақша аударуы бір жіберуші немесе бір есепшот ретінде саналады. Мысалы, отбасындағы адамдарға аударған ақша тексеруге ықпал етпейді.

Үй маңындағы шағын дүкендер көбіне салық органының ескертуін елемейді. Салық органдары алдымен хабарлама жібереді. Кәсіп иесі хабарламаға 30 жұмыс күні ішінде жауап бере алады. Сол аралықта аударым жеке мақсатта екенін дәлелдеуге немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуге тиіс.

 ***

Тағы оқыңыз:

Салық органдары блогерлерді жаппай тексеріп жатыр