Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты медицина қызметкеріне қатысты күш қолданған ер адамға үкім шығарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Соттың мәліметінше, айыпталушы алкогольдік масаң күйде сауда үйінің автотұрағында жедел медициналық жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен. Ол келген бригада тиісті деңгейде көмек көрсетпеді деп наразылық білдірген. Оқиға салдарынан фельдшердің денсаулығына зиян келмегенімен, оған физикалық ауырсыну келтірілген.
Ер адамның кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденген. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды талап еткен. Сотталушының бұрын сотталмағаны және жасаған ісіне шын жүректен өкінгені жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ал қылмыстың алкогольдік масаң күйде жасалуы ауырлататын жағдай ретінде ескерілді, — делінген хабарламада.
Істің барлық мән-жайларын, жәбірленушінің пікірін және сотталушының жеке басын назарға алған сот ер адамды қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті.
