Әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Арызданушы өз талап-шағымдарынан бас тартты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық полиция департаменті өкілі Салтанат Әзірбек бұл дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын айтты.
Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталып, барлық қажет материалдар жинақталған. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізілген. Алайда арызданушы өз талап-шағымдарынан бас тартып, істі қарауға әрі қарай қатысудан бас тартуына байланысты қылмыстық іс заңды негізде тоқтатылды, — делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, отбасылық-тұрмыстық сипаттағы әрбір жанжал бойынша азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданады.
Оқиға 2026 жылғы 15 наурызда болған. Сол күні Рахат Тұрлыханов үйінде жұбайымен жанжалдасқан. Мәлімет бойынша, ол әйеліне тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсетіп, үйдегі тыныштықты бұзған. Бұл әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабына сәйкес бағаланған. Сот отырысында жұбайы жанжал болғанын растағанымен, ұрып-соғу фактісін жоққа шығарған. Ал Рахат Тұрлыханов өз кезегінде істі тоқтатуды сұраған.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылған. 2023 жылы оған қатысты қозғалған іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.
