Алматы облысына қарасты Талғар ауданында адам өлімімен аяқталған ауыр қылмыс тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, 20 жастағы жігітке бір топ адам шабуыл жасап, пышақ жарақатын салған. Жас жігіт алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға кезінде 10-нан аса адам жігітті қоршап алып, соққыға жыққан. Сонымен қатар олар өздеріне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеп отыр.
Қолымызда видео дәлелдер мен 30-дан аса куәгер бар. Бізді келісімге келуге мәжбүрлеп, жауапкершіліктен жалтармақшы, – дейді марқұмның қарындасы Зифая Абдрим.
Алматы облысы полиция департаменті 12 сәуірде Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған кісі өлтіру фактісі болғанын растап, адам өлімі және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 жастағы негізгі күдікті ұсталып, қамауға алынған. Бұдан бөлек, бұзақылық дерегі бойынша тағы үш адам ұсталды. Олардың екеуіне сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаса, кәмелетке толмаған күдіктіге қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес шара қолданылған, — делінген хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, оқиғаға қатысты барлық куәгерлер анықталып, жауап алынған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
