Алматы облысында газ жарылып, анасы мен 3 бала зардап шекті

Алматы облысында Екпінді ауылында жеке тұрғын үйде газ жарылысы болып, төрт адам — анасы мен үш бала зардап шекті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға таңертең болған. Үй иесінің айтуынша, жасөспірім ұлы газға шәйнек қою кезінде сіріңке жағып, газды қосқан сәтте қатты жарылыс орын алған.

Жарылыстың салдарынан үй толықтай қирап, орнында тек іргетасы қалған. Қабырғалар мен шатыр ұшып кеткен. Оқиғадан кейін ауыл тұрғындары үйінділерді тазалап, құрылыс қалдықтарын жинауға көмектескен. 44 жастағы әйел мен оның 17 және 10 жастағы балаларын қоса алғанда үш бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың бас-ми жарақаттары, сүйек сынықтары мен ауыр күйік алғанын айтты. Қазіргі таңда зардап шеккендердің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып жатыр, — делінген хабарламада.

Газ қызметінің мәліметінше, жер астындағы құбырда газдың ағып кетуі тіркелген. Алайда бұл жағдайдың жарылысқа нақты себеп болған-болмағаны әлі анықталған жоқ.

Оқиғадан кейін ауыл тұрғындары қауіпсіздік мәселесіне алаңдаулы. Олардың пікірінше, газ жүйесінде ақау болуы мүмкін және мұндай жағдайдың қайталанбауына кепіл жоқ.