Алматы жұрты Мұхтар Шахановпен қоштасып жатыр

Алматы жұрты халық жазушысы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне жиылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қоштасу рәсімі Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтіп жатыр.

Ақынның денесі театр сахнасының төріне қойылып, үстіне жасыл кілем жабылған. Сахнада оның жырынан алынған мына жолдар жазылған:

«Біз шыққан тау — шындық тауы, барлық таудан биік тау!»

Қаралы жиынға сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, әнші Димаш Құдайберген және басқа да танымал тұлғалар мен мыңдаған жанкүйер, туған-туыстары, әріптестері мен жақындары жиылды. Ақынға құрмет көрсету үшін Қырғызстаннан да арнайы делегация келген.

Жиылғандар Мұхтар Шахановтың поэзия мен азаматтық ұстанымды қатар алып жүргенін айтып өтті.

Қаралы жиында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтқан жеделхатын оқыды. Мемлекет басшысы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесін ерекше айтып өтті.

Президент жеделхатында ақынның бар ғұмырын сөз өнеріне арнап, ұлттық әдебиетті жаңа белеске көтергені, қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосқан тұғырлы тұлға болғаны айтылған.

Бір айта кетерлігі, Алматыдағы қоштасу рәсімінен кейін ақынның денесін Түркістан облысына әкетеді. Марқұмның денесі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Қоғам ауылдық зиратында» қойылады.

Мұхтар Шаханов 1942 жылғы 2 шілдеде Түркістан облысында дүниеге келген. Ол — әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек ері, Халық жазушысы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да