«Қазгидромет» РМК синоптиктері алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, скандинавиялық антициклонның сілемі еліміздің солтүстігінде, шығысында және орталығында жауын-шашынсыз, біршама салқын ауа райын сақтайды. Алайда ауа массаларының ауысуына байланысты температураның біртіндеп жоғарылауы күтіледі.
Еліміздің батысы мен оңтүстігінде тұрақсыз ауа райы болжанады: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп, желдің күшеюі мүмкін. Республика бойынша түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал. Күндіз батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы 15-23 градусқа дейін көтеріледі, шығыста 10-18 градус жылы болады, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 17-28 градусқа дейін жылынады, – делінген хабарламада.
