Алматыда нөсер жаңбыр: коммуналдық қызмет күшейген режимге өтті

Алматыда ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық қызметтер күшейген дайындық режиміне көшті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаланың коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, «Алматы тазалық» МКК және мердігер ұйымдар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған.

Жұмыстарға 104 техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік тартылды. Оның тоғызы су басу қаупі жоғары аумақтарға орналастырылған. Сонымен қатар 75 жедел бригада (425 жол қызметкері) жасақталып, 2300 құм толтырылған қап дайындалды. Жалпы тәуліктік кезекшілікке 2710 қызметкер жұмылдырылады. Алматының құтқару қызметі 15 мотопомпа мен бір ассенизаторлық көлікпен кезекшілікке шықты. Ал Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері 53 техника мен 240 қызметкерді жұмылдырды, — делінген хабарламада.

«Қазгидромет» болжамынша, 16 сәуірде күн ала бұлтты болып, сағат 16:00-ден 17 сәуір 02:00-ге дейін кей жерлерде 17 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауады. Найзағай ойнап, желдің екпіні 15–18 м/с дейін жетуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +17…+19°С болады.

17 сәуірде сағат 11:00-ден бастап күні бойы 12 мм-ге дейін жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Желдің екпіні 18 м/с дейін жетеді. Түнде +8…+10°С, күндіз +11…+13°С болады.

Қалалық қызметтер жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылданады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да