Екібастұзда дәрігерді соққыға жыққан үш жігіт ұсталды

Не болды?

12 сәуір күні Екібастұзда үш жігіт дәрігерді соққыға жығып кеткен. Қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, 12 сәуір күні жергілікті тұрғын Екібастұз ауруханасының жарақаттану бөліміне көмек сұрап барған. Оның қасында тағы екі адам болған. Үшеуі де мас болған.

дәрігер, шабуыл
Видео скрині

Еріп келгендер дөрекі мінез-құлық көрсеткен. Ауруханадан шығудан бас тартып, дәрігерді ұрып-соға бастаған. Араша түспек болған медбике де жарақат алды, – деп хабарлады полиция департаменті.

Медицина қызметкері ауруханаға жатқызылды. Үш азамат ұсталды: екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалып, біреуін арнайы бөлмеде полиция күзеті бақылап отыр. Қылмыстық іс қозғалды.

Контекст

Естеріңізге салайық, елімізде 2026 жылдан бастап медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.