Олжас Бектенов базарлардағы делдалдық схемаларға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне қарсы күресті күшейтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрлер кабинетінің отырысында премьер-министр сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етумен қатар, делдалдық тізбектерді анықтап, оларды жою бойынша жұмыс жүргізуге тиіс екенін атап өтті.
Жасыратыны жоқ, кей жерлерде ұйымдасқан топтар заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа өнімдердің бағасы негізсіз өсіріледі. Бұл — нағыз делдалдық схемалар, – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Премьер-министр бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді тапсырды. Бұл іске ішкі істер министрлігі, мемлекеттік кірістер комитеті және бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де тартылады.
