Сары май, қант, жылқы еті: елде азық-түлік өндірісі 11,9% өсті

Қазақстанда 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі айтарлықтай өсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9% артып, 665,1 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш жоспарланған 4,3% өсімнен әлдеқайда жоғары.

Ведомство дерегіне сәйкес, негізгі азық-түлік санаттарының басым бөлігінде оң динамика байқалған. Әсіресе, сары май өндірісі 56,5% өсіп, 8,1 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар ірімшік пен сүзбе өндірісі 39,2%-ға, қант және шоколад қосылған кондитерлік өнімдер 21,4%-ға, ал жарма өндірісі 20,8% артқан.

Бұдан бөлек, ет консервілері өндірісі 12,9%-ға ұлғайды. Ірі қара, шошқа, қой, ешкі және жылқы етін өндіру 6,9% өскен. Шұжық өнімдері 6%-ға, өсімдік майы 12,3%-ға, өңделген және консервіленген жеміс-көкөніс өнімдері 13,4% артты.

Сүт өнімдері сегментінде де өсім байқалады: өңделген сүт 1,6%-ға, қышқыл сүт өнімдері 3,5%-ға көбейген. Сонымен қатар ұн өндірісі 11,9%-ға, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 5,2%-ға, макарон өнімдері 8,1% артқан.

Сусындар өндірісі де 10,2%-ға өсіп, 175,4 млрд теңге болды. Әсіресе алкогольсіз сусындар өндірісі 43,7%-ға ұлғайып, 564,3 млн литрге жетті.

Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер елдің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамып келе жатқанын және азық-түлік қауіпсіздігінің нығайып отырғанын аңғартады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да