Жеки Чанның «Құдіретті сауыт-сайман» фильмі Қаскелеңде түсіріледі

Жеки Чанның «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» фильмі Қаскелеңде түсіріледі. Кино түсірілімі үшін арнайы Dala Stage кинопавильоны салынып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, жобада бас рөлді Жеки Чанның өзі сомдайды.

Актердың продюсері Ли Чиу Ва бұл жобаның аз уақыт ішінде жүзеге аса бастағанын айтып өтті.

Жарты жыл бұрын ғана осы жобаны жоспарлап, талқылаған едік. Ал бүгін сол келіссөз шындыққа айнала бастады. Павильон ауқымды түрде салына бастағанын көріп отырмыз. Жеки Чан барша қазақ халқына жалынды сәлем жолдап, жоба өркендесін деп тілейді, – деді ол.

Жаңа кинопавильонның жалпы аумағы 15 гектар, ал ғимараттың өзі 3000 шаршы метр болады. Құрылысын 2026 жылғы тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Жоба Қазақстанның киноиндустриясын дамытуға және халықаралық түсірілім тартуға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Жеки Чан және «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» фильмінің режиссеры Роберт Кун жаңа киносын Маңғыстау облысында түсіреді.