Қазақстанда алғаш рет жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалармен жұмыс істейтін педагогтарға арналған жүйелі оқыту бағдарламасы енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бастама аясында «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық институтының халықаралық сертификат алған 51 маманы тренер ретінде өңірлердегі әріптестерінің біліктілігін арттыруға кіріседі. Пилоттық жоба сәуір айында Астана мен Алматыда басталып, жыл соңына дейін республиканың барлық өңірін қамтиды. Оқу курстары мұғалімдер үшін тегін жүргізіледі.
Жоба оқу-ағарту министрлігі мен «SOS Қазақстан балалар ауылдары» қорының ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асып отыр. Оқыту бағдарламасы халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, заманауи әдістемелерге негізделген. Бұл өз кезегінде мамандардың кәсіби дағдыларын жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік береді. Арнайы әзірленген 80 сағаттық оқу бағдарламасы барлық қажетті сараптамалық қорытындыдан өтті, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздегі жетім балаларға арналған 73 мекемеде 2 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
