197 млн теңге: Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрғандар жазаланды

Ақтөбеде Harmony Rider Technology қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ҚМА мәліметінше, 115 адамнан 197 миллион теңгеден астам қаражат жинаған қылмыстық топ алты жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

2024 жылы бір топ тұлға өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған. Нақтысында салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан тартылған қаражат есебінен қалыптасқан. Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырылған, — делінген хабарламада.

Заңдылық көрінісін қалыптастыру мақсатында Ақтөбеде кеңсе жалға алынып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген.

Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен. Қаражатты заңдастыру үшін олар криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған. Заңсыз әрекеттер нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 миллион теңгеден астам қаражат тартылған. Осы қаражатқа ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген. Сот үкімімен ұйымдастырушыларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот шешімімен үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді, – делінген ҚМА хабарламасында.