Алматыда агрессивті мінез көрсеткен жасөспірімдер елден қуылады

Алматыда полиция қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерінің жолын кесті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тексеру әлеуметтік желілерде тараған видеолардан кейін басталған. Кадрларда бір топ жасөспірімнің қала тұрғындарына агрессивті әрі әдепсіз әрекет жасағаны көрінеді.

Аталған деректер бойынша Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тексеру жүргізіп, күдіктілердің жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, олар Тәжікстан Республикасының азаматтары. Жасөспірімдер кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Полиция мәліметінше, олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Аталған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасына сәйкес ел аумағынан шығару шаралары қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Тергеу нәтижесінде жасөспірімдердің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.