Кейінгі кезде ана тіліміздің дәрежесін арттыру мен тек қазақ тілінде сөйлеу сәнге айналды. Алматы тұрғыны Елнұр Нұрмағамбет Instagram-дағы жеке парақшасында «30 күн тек қазақша сөйлеу» челленжін жариялады. Ол парақшасына күнде видео жүктеп, өзінің әңгімесіндегі «уже, или, тогда» сияқты орысша паразит сөздер есебін белгілеп жүр.
Baribar.kz тілшілері Елнұр Нұрмағамбетпен әңгімелесіп, бұл челленжді бастауға не түрткі болғанын, мақсаты мен нәтижесін сұрап білді.

Челлендждің мақсаты — таза қазақша сөйлеуге дағдылану

Елнұрдың айтуынша, орысша-қазақша араластыра сөйлеу санамызға сіңіп кеткен. Ол тек видео үшін емес, шынайы өмірде де орысша сөздерден арылу үшін челлендж жариялағанын айтты.

Челенждің мақсаты — таза қазақша сөйлеуге дағдыланып, оны сәнге айналдыру. Үйде әйеліммен кейбір орысша сөздің аудармасын анықтаймыз. Оны есте сақтап, сөз қорымызға енгіземіз. Екеуіміз де қазақ отбасынан шықтық. Алайда таза қазақша сөйлемейді екенбіз. Бұл бастамам өзгелердің де пайдалы дағды қалыптастыруына себеп болса деймін. Челенждің бастапқы нәтижесі міне, алғаш рет сұхбат беріп отырмын. Өте қуаныштымын! — дейді Елнұр Нұрмағамбет.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Yelnur Nurmagambet (@yelnurym)

Орысша контент аудиторияға өтімді деу — таптаурын

Елнұрдың «30 күн тек қазақша сөйлеу» челленжін бастауына бірнеше жайт әсер еткен. Қоғамда қазақ тіліндегі контенке қарағанда орыс тіліндегі контент аудиторияға өтімді деген көзқарас бар. Елнұр оқырман санына емес, сапаға басымдық беру керек екенін айтып отыр.

Бір күні қазақ тілінің жанашыры Шарапат деген досым «Сен қазақша сөйлесең де, неге блогыңды орыс тілінде жүргізесің?» деп сұрады. Бұл сұрағына жөнді жауап бере алмадым. Өзім 10 жылдан бері фриланс-видеограф болып істеймін. Бұл салада «контент орыс тілінде жарияланса, аудитория ауқымды, көрсеткіш жоғары болады» деген түсінік қалыстасып қалған. Қазақстанда 20 миллионнан астам адам бар. Оның 16 миллионы қазақша сөйлейді, қалғаны сөйлемесе де, түсінеді делік. ТМД елдерінен бұрын осы 15-16 миллион халықтың арасынан аудитория жиған жөн. Менің ойымша, бастысы жеке ұстанымға берік болсаң, аудитория табылады. Жай сан мен көрсеткіш үшін емес, бір саланың маманы болып, сапа үшін жұмыс істеу керек, — дейді ол.

Елнұр Нұрмағамбет
Фото: Ерқанат Аманкел

 «Неге орысша сөйлеп отырсың, ана тілің бар емес пе?»

Жұбайым екеуміз бірнеше жыл Испанияда тұрған едік. Бірде мейрамханада орыс қызды кездестірдік. Орысша сөйлесіп отырған кезде «Ұлтың кім?» деп сұрады. Қазақ екенімді білген соң, «Онда неге орысша сөйлеп отырсың, сенің ана тілің бар емес пе?» деді. Орысша қарапайым, ауызекі сөздерді білетініме таңқалды. Осы оқиға саналы әрі терең ойлануыма ықпал етті. Қазақстанда бұл қалыпты жағдай болғаны сонша, күнделікті қазақ тілін сирек қолданамыз. «Жасым отызға келсе де, неге әлі күнге дейін пәтерім жоқ?» деп ойландым. Арғы аталарым бай әрі ауқатты болған. Алайда сол замандағы саяси жағдайға байланысты байлығын тәркілеген. Қазақты байлығынан бөлек ана тілінен айырып, мәдениетімізді де жоққа шығара жаздады ғой, — дейді Елнұр Нұрмағамбет.

19d8230cbfa3ab0120195a51b75f26f4 Орысша паразит сөздерден арылу үшін. "30 күн тек қазақша сөйлеу" челленжін бастаған Елнұр
Фото: Ерқанат Аманкел

«Қызым өскен соң қазақ, ағылшын және қытай тілдерін үйретемін»

Елнұрдың атасы орыс тіліне басымдық берген. Оның пікіріне қарағанда, атасын бұл көзқарасы үшін еш жазғырмайды. Ол қызының қазақша сөйлегенін қалайтынын айтты.

Атам «орыс тілін білсең, далада қалмайсың» деп айтатын. Бәлкім, атам сол замандағы тәжірибесіне сүйеніп, осындай ойға келген шығар. Сондықтан жазғыра алмаймын. Өзім 1-2-класты орыс тілінде оқып, кейін қазақ мектебіне ауыстым. Алайда мектеп бітіргенде техникалық мамандықты таңдап, коллежде орысша білім алдым. Қазақстан тәуелсіздік алған соң туған буынның алғашқы легі — біз. Жақында әке болдым, қызымыз әлі бір жасқа толмады. Қызымның тілі қазақша шықса деймін. Өскен соң қазақ, ағылшын мен қытай тілдерін үйретуді жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Бұл челленжді 2016 жылы жарияласам, ешкім назар аудармайтын еді

Елнұр Нұрмағамбет қазір челенждің 18-күніне келді. Елнұрдың айтуына қарағанда, челленж мерзімін 30 күн деп белгілеу тұрақты видео түсіру үшін тиімді.

Мүмкін бұл челленжді 10 жыл бұрын, яғни, 2016 жылы жарияласам, ешкім назар аудармайтын ба еді?» Ал қазір көпшілік қазақ тілін дәріптеуді қолдайды. Достарым оң көзқарас білдірді, жұмыстағы ортам да өте жақсы қабылдады. 90 немесе 60 емес, 30 күн деп бекіткен себебім сол, жұртқа жария түрде бастаған істі соңына дейін аяқтау үшін осы мерзім қолайлы әрі әдет қалыптастыруға ыңғайлы болды, — дейді ол

Қазақ тілін дамыту жайында күмән мен күдікке қарағанда, қазір сенім мен әрекет басым екеніне Елнұрдың осы сөзі дәлел.

Елнұр Нұрмағамбет
Елнұр Нұрмағамбет пен Нұрбибі Айтбайқызы сұхбат кезінде. Фото: Ерқанат Аманкел

«Челлендж аяқталғаннан кейін де қазақша сөйлеймін»

Елнұрдың айтуынша, челлендж аяқталғаннан кейін де күнде таза қазақша сөйлеуге тырысады. Өзі қазір диалект сөздерді зерттеуге қызығып жүр.

Жұрттың басым бөлігі біреудің қатесін түзеуге құмар. Алғашқы видеом көп қаралғанына да осы нәрсе әсер етті. Оқырман біраз қатемді түзеп, пікір жазған. Әр пікір мен сын видеомды келесі адамның көруіне жол ашады. Шын мәнінде біз ана тілімізді әлі толық меңгермедік. Қазақ болып, осы жерде, осы елде дүниеге келгенім бекер емес. Сондықтан қазақ тілін зерттеуге, толық білуге тиіспін деп ойлаймын. Қазір диалект сөздерді зерттеуге қызығып жүрмін. Осы ретте жоғары оқу орнына түсіп, кірісемін деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бос уақытымда кітапханаға барып, ізденемін, — дейді Елнұр Нұрмағамбет.

***

Тағы оқыңыз:

«Қазақпыз ғой». Қазақ өзін кемсітетін әдетті қашан бастаған?