Наурыз айында азық-түлік бағасы 0,7% өсті. Қазақстанда кейінгі айда инфляция өсімі баяулай бастаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы наурыз айында айлық инфляция 0,6% болды. Бұл көрсеткіш ақпанмен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармақ төмен. Жылдық инфляция 11% деңгейінде болып, өткен аймен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармақ баяулаған.
Азық-түлік тауарлары арасында қияр (–22,6%), пияз (–10,9%), қызанақ (–2,6%), қырыққабат (–1,9%), қарақұмық жармасы (–1,2%) және шоколад кәмпит (–0,9%) арзандаған. Ал тәтті бұрыш (10,7%), банан (5,4%), қызылша мен сәбіз (4,2%), айран (2,3%) және бал (1,8%) бағасы өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде шаңсорғыш (–8,2%), үтік (–7,7%), смартфон (–2,7%) және автомобиль (–2,3%) арзандады. Керісінше, алтын сақина мен ас үй пеші (5,5%), теледидар (4,1%), сымсыз құлаққап (2,2%) және цемент (1,3%) қымбаттаған, — делінген хабарламада.
Жалпы алғанда, наурызда азық-түлік бағасы 0,7%, ақылы қызметтер 0,6%, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,5% өскен.
Сарапшылардың айтуынша, инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексі ай сайын есептеліп, елдегі баға динамикасының негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылады.
