SCAT әуе компаниясы әуе паркін екі жаңа Boeing 737 MAX 8 ұшағымен толықтырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа әуе кемелері АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Boeing зауытынан тікелей жеткізілген. Айта кетейік, бұл – әуе компания тарихында алғаш рет екі бірдей ұшақтың бір мезетте қабылдануы.
Әуе паркінің кеңеюі тасымалдаушының маршруттық желісін дамытуға және қолданыстағы рейстерді күшейтуге бағытталған. 2026 жылы SCAT Шымкенттен Қарағанды, Қостанай, Бішкек, Новосибирск, Санкт-Петербург және Түмен бағыттарына жаңа рейстер ашты. Сонымен қатар Астанадан Ұлан-Батыр қаласына тікелей рейстер іске қосылды. Жаңа ұшақтар аталған бағыттарда пайдаланылып, рейстерді жоспарлауда икемділікті арттырып, тасымал географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа әуе кемелері Шымкент әуежайы базасында қалыптасып келе жатқан хабты дамытуға жұмылдырылады. Бұл өз кезегінде Шымкентті ірі авиациялық торапқа айналдырып, ішкі және халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
