Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Менструация кезінде әйелге демалыс беретін 5 ел

Фото: Жасанды интеллект
Әйелдердің шамамен 80-97%-ы менструация кезінде денесі ауырып, өзін жайсыз сезінеді. Олардың ішінде 30%-ға жуығының денесі қатты ауырсынады. Тіпті, 5-10%-ында дене ауырғаны асқынып, цикл әйелдің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етеді. Адамзат жаралғалы көп уақыт бойы әйелдің дене жайсыздығы еленбей келді. Дегенмен кейінгі кезде бұл жағдай өзгеріп келеді. Baribar.kz менструация кезінде еңбек демалысын беретін елдерді тізіп шықты.

Әйелге айлығы кезінде демалысты алғаш рет қай ел берген?

Әйелге айлығы (менструация) кезіндегі еңбек демалысын тарихта алғаш рет 1922 жылы Кеңес одағы енгізген. Кейбір кәсіпорындарда айлығы басталған әйелге дәрігер анықтама жазып берсе, екі күн еңбек демалысын алуға рұқсат еткен. Алайда Кеңес одағы бұл ережені бірнеше жыл ғана қолданып, сосын тоқтатып тастады.

Жапонияда әйел ақысыз еңбек демалысына шыға алады

Жапонияда 1947 жылдан бері әйелге айлығы кезінде еңбек демалысы беріледі. Жапония бұл ережені КСРО үлгісін негізге алып, енгізген. Әйел менструация келгенде қатты ауырса, еңбек демалысына шыға алады. Жапонияда заң бойынша, жұмыс беруші тарап әйелге ай сайын ақылы демалыс беруге немесе қосымша ақы төлеуге міндетті емес.

Замбияда еңбек демалысына шығу үшін анықтама қажет емес

Замбияда 2015 жылдан бастап әйелдер айына бір рет етеккір кезінде еңбек демалысына шығады. Бұл — әр әйелдің заңды құқығы. Еңбек демалысына шығу үшін ешқандай медицина анықтамасы қажет емес. Әйел жағдайын жұмыс берушіге ауызша ескертсе болғаны. Жұмыс беруші әйелдің құқығын шектеп, демалыс беруден бас тартса, қызметкер сотқа арыз жаза алады.

Испанияда эндометриоз диагнозы бар әйелге ғана еңбек демалысы беріледі

Испанияда 2023 жылы әйелдің айлығы уағындағы демалыс туралы заң қабылдаған. Испания — Еуропа бойынша мұндай заң қабылдаған алғашқы және әзірге жалғыз ел. Алайда 2024 жылғы мәліметке қарағанда, әйелдер заңда бекітілген мүмкіндікті іс жүзінде пайдалана алмаған. Сарапшылардың пікірі бойынша, мұндай демалыс эндометриоз диагнозы қойылған әйелге ғана беріледі, ал диагнозы жоқ әйел айлығы кезінде еңбек демалысына шыға алмайды.

Оңтүстік Корея мен Тайуанда әйелге арналған демалыс тәртібі қандай?

Оңтүстік Кореяда әйел менструация кезіндегі демалысқа шығу-шықпауды өзі таңдайды. Әйел айлығы келгенде еңбек демалысына шықпай, жұмыс істесе, оған қосымша ақы төленеді.

Тайуанда әйелдер жылына үш күн қосымша менструация демалысына шыға алады. Жалпы қызметкерге жылына 30 күндік демалыс берілсе, әйел қызметкерге 33 күн демалуға болады.

Әйелдің айлығы келгенде еңбек демалысына шығу-шықпауы жайлы пікірталас әлі жүріп жатыр. Зерттеулерге қарағанда, мұндай демалыс түрі әйелге қатысты стигманы, яғни, жағымсыз көзқарасты күшейтіп, кемсітуге ықпал етуі мүмкін. Мәселен, биылғы наурыз айында Supreme Court of India әйелге еңбек демалысын енгізу туралы петицияны бекітуден бас тартқан. Сот «мұндай заң қабылданса, әйелдерді ешкім жұмысқа алмауы мүмкін» деген уәж айтқан.

***

Тағы оқыңыз:

Гинеколог етеккір туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді