Киіз үй мен терме: үкімет мәдени мұраны сақтаудың жаңа жоспарын бекітті

Үкімет мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетуге бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкіметтің мәліметінше, құжат ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Жоспарда тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау, материалдық емес мұраны қолдау, мамандар даярлау және Қазақстанның халықаралық бастамаларға қатысуын арттыру бойынша нақты іс-шаралар қарастырылған.

Негізгі міндеттердің қатарында дүниежүзілік мұра нысандарын қорғау сапасын арттыру, ұлттық мәдени құндылықтарды халықаралық деңгейде таныту, сараптамалық және білім беру базасын дамыту, сонымен қатар қоғамның мәдени мұраны сақтауға қатысуын күшейту бар. Кешенді жоспар үш негізгі бағытты қамтиды: материалдық мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын дамыту, сонымен бірге Әлем жады бағдарламасы аясындағы жұмыстарды ілгерілету. Ескерткіштерді қорғау бөлігінде халықаралық маңызы бар нысандарға тұрақты мониторинг жүргізу, ЮНЕСКО тізіміндегі объектілерді басқару бойынша әдістемелік құрал әзірлеу және мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізімін кеңейту жоспарланған, — делінген хабарламада.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында «Жібек жолы: Каспий – Еділ дәлізі» номинациясын дайындау көзделген. Сонымен қатар көпұлтты «Алпамыс батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанмен бірлескен жұмыстар жалғасады.

Тағы бір маңызды бағыт – ИККРОМ ұйымына кіруге дайындық. Бұл мәдени құндылықтарды сақтау мен қалпына келтіруде заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Жоспарда кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Жыл сайын кемінде 30 сарапшы ЮНЕСКО аясындағы бағдарламалар бойынша оқытылатын болады. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары шеңберінде ескерткіштерді сақтау бойынша жобалар әзірлеу көзделген. Сонымен бірге жойылып кету қаупі төнген материалдық емес мәдени мұра элементтерін қорғау іс-шаралары күшейтіледі. Олардың қатарында қазақтың киіз үй жасау дәстүрі, кілем тоқу өнері және терме эпикалық жанры бар. Жалпы, жоспарды іске асыру мәдени мұраны сақтау жүйесін нығайтып, кадр тапшылығын азайтуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді, — делінген хабарламада.