Отандық режиссерларға қысым тоқтады: Kinopark талаптары жойылды

Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі Қазақстанның режиссерлары түсірген фильмдерден заңсыз жарна алып, жарнамасы үшін ақша төлемеген фильмдерді прокатқа шығармай отырған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл заңсыздықты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматыдағы департаменті анықтаған.

Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі үстем жағдайды теріс пайдаланып келген. Дәлірек айтсақ, кинотеатрлар желісі отандық киноөндірушілерді жарнама бюджетiн төлеуге міндеттеген. Әйтпегенде,  фильмдерді прокатқа шығармаған, — деп хабарлайды агенттік.

Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергілер жасап, отандық кинематографияның дамуын тежеген.

Осыған байланысты Kinopark – Kinoplexx Theatres компаниясына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолданды. Хабарламаны қараған желі заң бұзу фактілерін жойды, — делінген хабарламада.

Енді Қазақстанда түсірілген фильмдер прокатқа шығу үшін міндетті жарнама шығындарын төлемейді. Сонымен қатар режиссерлар фильмдерін прокатқа шығару үшін «жарнадан» да босады.