Алматыда Наурыз мейрамына орай Омаров көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мерекелік іс-шараларды өткізуге байланысты Омаров көшесінде 20–21 наурыз күндері автокөлік пен қоғамдық көліктің қозғалысы уақытша тоқтатылады. Шектеу қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мерекелік алаңды ұйымдастыру мақсатында енгізіліп отыр.
Алматы билігі тұрғындарға бағыттарын алдын ала жоспарлауды ескертіп, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, биыл Алматыда Наурыз мейрамы аясында 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Негізгі мерекелік орындар ретінде Астана алаңы, Абай алаңы, Жібек жолы даңғылының жаяу жүргіншілер аймағы және Панфилов көшесі белгіленген.
