Көктем мезгілінде күн райы күрт өзгереді. Бірде жаймашуақ болса, бірде қар жауып, ызғарлы жел соғады. Үлкендерден «бесқонақ келе жатыр» немесе «Құралайдың салқыны болады» дегенді естіген боларсыз? Табиғатпен біте қайнаса өмір сүрген қазақ халқы бұл құбылысты байырғы заманда-ақ алдын ала болжаған.
Baribar.kz тілшісі көктемдегі табиғат құбылыстарын тізіп шықты.

Бесқонақ – 17-21 наурыз аралығындағы немесе сәуірге дейінгі жаңбырлы күн. Осы аралықта күн бұзылмаса, жаз жауын-шашынсыз өтеді, егін мен астық өнімсіз болады. Демек, көктемдегі құбылмалы күн – қалыпты құбылыс.

Халық арасында тараған аңыз бойынша, ертеде бес жолаушы ауыл іргесіндегі бос үйге түнеп шығуға аялдаған. Ертеңіне қайта жолға шығайын десе, жаңбыр жауып, жел соққан. Сөйтіп бес жолаушы бұл үйде бір аптаға жуық қонып қайтқан. Сондықтан халқымыз бесқонақ қайтпайынша, малды алысқа жаймаған, ұзақ сапарға шықпаған.

Құс қанаты – жылы жаққа кеткен жыл құстары наурыздың аяғында оралып, қар аралас жаңбыр жауып, суық жел соғатын кезең. Ұшып келген құстардың жылдамдығы әсерінен жел тұрады деген түсінік негізінде қалыптасқан.

Аласапыран – наурыз бен сәуірде қар еріп, күн жылып, артынша қар мен жаңбыр жауып, тұман басатын күн. Бұл кезең мал мен егін шаруашылығына қолайсыз. Малшы мен егіншіні әбден әбіргерге салғандықтан «аласапыран» деп аталған.

Тобылғы жарған – cәуірдің соңында суық әрі ызғарлы жел соғып, тобылғы бүр жарып, гүлдейтін кезең. Тобылғының бүр жаруы шөптің алғаш көктегені мен өсімдіктің тамыр жайғанын білдіреді. Бұл құбылыс екі-үш күнге созылады.

Құралайдың салқыны – сәуірдің аяғы мен мамырдың басында ызғырық жел соғып, қара суық болатын құбылыс. Осы аралықта киік төлдеп, құралайдың кіндігі түседі. Халық арасындағы наным-сенімге қарағанда, жаңа туған киіктің төліне шыбын-шіркей үймелемеуі үшін салқын жел соғады.

***

Тағы оқыңыз:

Халқымыз күннің аптабында қандай сусындар ішкен?