«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі жолдың қазіргі жағдайы туралы мәлімет таратты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Компанияның хабарлауынша, 2026 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде қозғалыс ашық, ал кейбір өңірлерде ауа райының қолайсыздығына байланысты шектеулер енгізілген.
Қостанай облысында келесі автожол учаскелерінде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс ашық:
-
«Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай — РФ шекарасы» автожолы, 555–682 шақырым (Тобыл қаласы — Сарыкөл кенті);
-
«Қостанай — Рудный — Денисовка — Комсомольское — Қарабұтақ» автожолы, 320–501 шақырым (Бестөбе кенті — Рудный қаласы);
-
«Қостанай — Әулиекөл — Сұрған» автожолы, 8–218 шақырым (Тобыл қаласы — Октябрьский кенті).
Ал Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына байланысты жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалыс шектелді. Шектеу «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 776–1153 шақырымында («Эко Ойл» жанармай бекеті — Ырғыз кенті) енгізілген.
Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығында қозғалыс шектелді. Бұл шектеу Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығар жолға қатысты.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46–66 шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде қысқы маусым аяқталғанша сақталады.
