Наурыз мейрамы қарсаңында Астанада 200-ден астам түрлі мәдени, спорттық және танымдық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, мерекелік «Наурызнама» онкүндігі 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Осы күні елорданың ашық алаңдары мен саябақтарында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін мәдени бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар өтеді.
14 наурыз күні сағат 10:00-де №13 орта мектептің оқушылары «Көрісу күні – Амал мерекесі» акциясын өткізеді. Олар шағын ауданда тұратын ардагер ұстаздарды, зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлерін арнайы барып құттықтап, құрмет көрсетеді.
Сол күні сағат 14:00-де Астананың Достық үйі ғимаратында «Ұлы Еліміздің Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ұлттық киімдегі мерекелік шара ұйымдастырылады. Бағдарламаға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, қазақ әндері шырқалып, ұлттық тағамдар таныстырылады.
Сонымен қатар сағат 12:00-16:00 аралығында Ататүрік саябағы аумағында ауқымды мәдени бағдарлама өтеді. Іс-шара барысында мәдениет қайраткерлері, балалар ұжымдары мен этномәдени орталықтардың шығармашылық топтары өнер көрсетеді. Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген «Наурызбай» және «Наурызай» атты виртуалды көмекшілер жұмыс істейтін арнайы AI-аймақ ұсынылады.
Сағат 15:00-де Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығында Tartys Fest ұлттық спорт ойындарының фестивалі өтеді. Бағдарламада арқан тарту, кермеде тартылу, қой көтеру және жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақ ойнау сияқты сайыстар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 14–18 наурыз аралығында Әл‑Фараби атындағы Оқушылар сарайы сахнасында халық ертегілерінің желісімен қойылған NAURYZ-2026 театрландырылған қойылымы көрсетіледі.
Бұдан бөлек, 14 және 15 наурыз күндері елордада Nauryz Sale азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Онда Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген фермерлердің өнімдері ұсынылып, тұрғындар көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт өнімдерін қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, елордада өтетін бұл шаралар Наурыз мейрамының мән-мазмұнын кеңінен танытып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға және тұрғындардың мерекелік көңіл-күйін арттыруға бағытталған.
