Қазіргі студенттер үшін оқумен қатар жұмыс істеу – тек ақша табу емес, еңбекқор, жауапты болуға және тұлғалық қасиеттерін дамытудың бір жолы. Адал жолмен еңбек ету шынымен табысқа жеткізетін кілт пе?
Baribar.kz тілшісі бұл жөнінде студенттермен сұхбаттасып, олардың жұмыс туралы не ойлайтынын және оны оқуымен қалай үйлестіретінін сұрап білді.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Адель Мақұлбаева даяшы болып істейді. Оның пікіріне қарағанда, жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген оңай емес. Алайда бұл уақытты тиімді жоспарлауды үйретеді.
Ерте жастан жұмыс істеп бастағасын, ақша табуға, өзімді асырауға оң көзбен қараймын. Жаңа тәжірибе алу және белгілі бір салада даму шабыт береді. Істейтін жұмысты жақсы көрсең, сүйсең, одан ешқашан жалықпайсың, — дейді Адель.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті Аяулым Жапас сатушы консультант болып еңбек етіп жүр. Ол да жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген қиын емес дейді.
Оқуым жоқ күні ғана жұмысқа барамын. Сөйтіп сабақ оқуға да, жұмыс істеуге де мүмкіндік туады. Оның үстіне қазір өзіңе ыңғайлы оффлайн әрі онлайн форматта жұмыс істей аласың. Жастардың еңбек ету мүмкіндігі бары қуантады. Хакім Абай айтады ғой: «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық», — деп. Жалынды жастық шақта қоғамға пайдаңды тигізу жақсы емес пе? Әуелі қоғамға, кейін өзіме пайдалы болғаным, табыс тапқаныма қуанам, — дейді Аяулым.
Студенттер жауабынан көрініп тұрғандай, бұл тәжірибе адамға өз өмірі үшін жауапкершілік арқалауға, өзін тәртіпке баулуға көмектеседі. Адал еңбек пен табандылық арқылы жеткен жетістіктер әрқашан тұрақты әрі бағалы болмақ.

